Павлодар қаласында акробаттық жолақ пен батутта секіруден ел біріншілігі өтті. Оған 8 команда, 100 спортшы қатысты, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Анна Пенькова.
Сайыстың қорытындысына келер болсақ, өнер көрсеткен қызылжарлықтар Иван Русаков (2003 ж., батутта секіру), Виталий Делль (2001-2002 ж.ж., батутта секіру) және Мария Топорищева (1998-1997 ж.ж., акробаттық жолақ) жеңімпаздар атанып, алтыннан алқа тағынды. Ал Елизавета Мец (2001-2002 ж.ж., акробаттық жолақ) күміс медальға ие болса, Олег Ремигайло (2003 ж., акробаттық жолақ) үздік үштікті тұйықтап, қола медальды еншіледі.
Солтүстікқазақстандықтар сонымен қатар, жалпыкомандалық есепте де жүлделі орыннан көріне білді. Атап айтқанда, жерлестеріміз акробаттық жолақта секіру бағдарламасында үздік атанып, жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін дүбірлі додаға Андрей Ямпольский мен Ренат Белогонов бастаған бапкерлер жаттықтырған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.