Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында оқырмандардың өтініші бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан гастрольге келген «Жастар» театрының актерларымен кездесу өтті.
Кеш қонақтары – театр және кино актері Бақыт Хаджыбаев, «Жастар» театрының актері Ербол Тілеукенов театрдың құрылу тарихына тоқталып, жеткен жетістіктері мен театр қойылымдары және актерлік мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы әңгімеледі.
“Жастар” театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың жетекшілігімен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» шығармасын заманауи тілде сөйлетіп, мюзикл жанрында көрермен назарына ұсынғандарын баяндады. Олар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, көп кітап оқуға кеңес берді. Келген қонақтарға кітапхана әкімшілігі алғыс білдіріп, алдағы шығармашылық жұмыстарына табыс тіледі.