Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 120 жылдығын мерекелеу аясында өңірде тұңғыш ұйымдастырылған «Қызылжар аламаны» атты телевизиялық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Үш айға созылған жыр додасының ақтық кезеңіне жолдама алған Есіл ауданының қос жүйрігі Жұмабек Рақымов пен Абзал Жұмабектің өнеріне көрермендер дауыс беріп, «Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының» төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Он төрт ақынның арасынан іріктеліп, бәйгеге шапқан тұлпардай мәре сызығына ұмтылған қос ақынның айтысы тартысты өтті. Жұмабек Рақымов пен Абзал Жұмабек ақтық сынға жақсы дайындықпен келгенін алғашқы сөз қағыстырудан-ақ аңғартты.
Батасын алайын деп елдің кемел,
Қолыма домбыра алып келдім жедел.
Серілер мен сүлейлердің сарқыты едім.
Семсер сүйіп сертіне сендірген ел, – деп алғашқы болып сөз додасын бастаған Жұмабек жырдың тиегін ағытып, шалқар шабытпен айтыссүйер қауымның делебесін қоздырды. Абзал Жұмабек те аянып қалған жоқ.
Ал, қане Жүрсін көке, сына мені
Мен маңайдан аспаған марғасқамын,
Біз Еріктен айрылып сіз көрдіңіз.
Жағамызға жамандық жармасқанын.
Қара өлеңімізді қар басқанын
Қара домбырамыздың шаң басқанын
Енді бүгін көріп кет өз көзіңмен
Еріктің ескі жолы жалғасқанын, – деп жырлаған Абзал жасындай жарқылдап, өр мінезімен, өжеттілігімен көзге түсті. Екі ақын да бір-бірінен кем емес. Сүре айтыс жасаған қос жүйрік қазақтың саф өнерін өз биігінде көрсете алды десек артық айтпаған болармыз. Суырып салма айтыстың сүлейлеріне еліктеген ақындар ұтымды ой айтып, әдемі шумақтар өрді.
Елімізде орын алып жатқан түрлі жағдайларды өлеңдеріне арқау еткен айтыскерлер өрнекті жыр жолдарымен айтысқа шөліркеген елдің мейірін қандырды.
Туған тілдің тағдыры қазір қиын,
Айыға алмай тұрмыз дерттен тіптен.
Қаламызда алты-ақ қазақ мектебі бар.
Мұны айтып отқан жоқпын сөккендіктен, – деген Жұмабектің тіл, жемқорлық туралы толғанысы көптің көңілінен шыққандай. Жүрегінде жыр оты маздаған қос ақын тақырыптан ауытқымай, Абай Құнанбаев пен Сәбит Мұқановтың тұлғалық болмысын тың теңеулермен суреттеп, ұлт руханиятындағы мол мұраларын өлеңге арқау етті. Жыр сайысында өр Мағжанның рухы өлмегенін, айтыстың алдаспаны болған Ерік Асқаровтың ізін басқан талантты жастар өңірде бар екенін аңғардық. Әсіресе, қырандай биікке самғайтын Абзал Жұмабектің болашағынан зор үміт бар. Айтыс барысында аға мен інінің арасындағы сыйластық, өзара түсіністік жарасым тауып, оған куә болған көрермен адамгершілік пен рухани құндылықтың мәнін ұғынды. Осылайша қатарынан оза шапқан қос ақын жұртшылықты жыр шәрбатымен сусындатып, айтыссүйер қауымның айызын қандырды. Экранның ар жағында отырған көрерменнің қолдауын сезінген жыр жүйріктері бұл сайыста жақсы нәтиже көрсеткенімен, тұшымды ой түйіп, татымды өлең айтатын күн әлі алда. Ал қос жүйріктің өнеріне қазылар алқасы өз бағасын берді.
Руханият жанашыры, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров өз дауысын Абзал Жұмабекке берсе, ҚР Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуровтың таңдауы Жұмабек Рақымов болды. Екі ақынның тартысында Жұмабектің бәсі биік түссе де, айтыстың қара нары Жүрсін Ерман үлкен сахнаға енді қадам басқан жас ақынның сағын сындырмайын, жігерін жасытпайын деген шығар. Сондықтан төрағаның таңдауы Абзалға түсті. Осылайша, жыр додасында жас ақынның асығы алшысынан түсіп, жеңіске жетті. Жалпы, телевизиялық айтыста қос ақынға екі мыңға жуық адам дауыс бергенін айтқан жөн. Аламан дода соңында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ақындар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жүлдегерлерді құттықтады.
– Қызылжар өңірінде осындай рухани кеш өтіп, көпшілік соның куәсі болды. Жергілікті телеарнада он екінші мамырдан бастау алған «Қызылжар аламаны» атты ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Айтыс өнерін насихаттап, өңірімізде руханияттың дамуына үлес қосып жүрген жандарға ризашылығым шексіз. Барша ақындарды жеңістерімен құттықтаймын, – дей келе Ғани Сақтағанұлы дәстүрлі өнердің жанашыры Жүрсін Ерманға да өз алғысын жеткізді. Өз кезегінде айтыстың қара нары елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірде сеңнің бұзылғанын айтып, болашағынан үміт күтетін ақындардың барына шүкір етті.
– Жүлдегерді анықтауда біраз қиналдық. Халық та екі ақынға дауыс беруде тең түсті. Кім жеңсе де, екеуінің де әбестігі жоқ. Екеуі де алысқа шабатын ақындар. Мені Қызылжар өңірінде халық өнеріне ықыластың ауғаны қуантты. Елдің ішінде осындай ақындар іріктеліп шығып жатқанына ризамын. Алдағы уақытта қызылжарлық ақындарды үлкен аламандардың ортасынан көретінімізге сенімдімін, – дей келе Жүрсін Ерман екі ақынға да үлкен сахнаға жолдама беретінін айтып, бас жүлде иегері Абзал Жұмабекке диплом мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болған Жұмабек Рақымов, Нұрислам Әбділ, Мұхаммед Қоңқаев дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Айтпақшы, айтыс соңында Жүрсін Ерман М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Құрметті профессоры» атанды. Осылайша ел еңсесін көтерген айтыстан ләззат алған көрермен бір жасап қалды. Руханияттың дамуына қолдау білдіріп, айтыстың өтуіне ұйытқы болған жергілікті билікке қызылжарлықтар да дән риза екенін айтқан жөн.