«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАТАУДАЙ АСҚАР, САРЫАРҚАДАЙ КЕҢ ТҰЛҒА

1989 жылдың жазында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бұрын Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істеген Қасым Тәукенов сайланды. Ол Көкше өңірі экономикасының өзекті мәселелерімен қатар, руханият саласына да айрықша көңіл бөліп, әсіресе, жергілікті қазақ зиялыларының көкейлерінде жүрген толғақты мәселелерге білек сыбана кірісіп, ұлттық намысы, азаматтық парасаты биік, біртуар тұлға екендігін танытты. Бәрінен де оның облыс орталығына жан-жақтан кіретін жолдардың қала шекарасындағы тұстарында орнатылған және жергілікті әуежай ғимаратының маңдай бетінде үлкен әріптермен жазулы тұрған “Кокчетав” деген атауды жоғары жақтан рұқсат алмастан, әрі шаһардың орыстілді жұртшылығынан еш именбестен, тез арада “Көкшетау” деп өзгерткен батырлыққа пара-пар батылдығы ел ішіне аңыздай тарап кеткен еді.

Сонысы үшін тіпті өзіне жұрт алдында сын айтқан КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің ұлттық саясат және ұлтаралық қатынастар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Еркін Әуелбековке сол арада қатты тойтарыс бергендігін естіп, Қасым Аппасұлының ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын шыншылдығы мен сөзге шешендігіне қайран қалғанбыз…

Келесі жылы көктемде Көкшетауда кезекті облыстық есеп беру-сайлау партия конференциясы өткізіліп, оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысты. Ұйымдық мәселе қаралғанда Нұрсұлтан Әбішұлы Көкшетау обкомының бірінші хатшылығына Қасым Тәукеновті қайтадан ұсынып, конференция делегаттарынан оның кандидатурасын қолдауды сұрады. Алайда, бұл жариялылық пен демократияландыруға бағыт ұсталып, баламалы сайлау үрдісі бел алып тұрған горбачевтік “қайта құру” кезеңі болатын. Соны пайдаланған көкшетаулық коммунистер бірінші хатшылыққа өздерінің екі бірдей жерлесін қоса ұсынып, дауыс беру жабық әдіспен жүргізілетін болып шешілді. Оның қорытындысы бойынша ақмолалық Қасым Тәукенов биліктен тайдырылып, Целиноград обкомының ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы болып істеп жүрген көкшетаулық Чапай Әбутәліпов жеңіске жетті. Бұған, шындығын айтсақ, жергілікті партократтар болмаса, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары, әсіресе, өзім сол кезде еңбек етіп жүрген облыстық “Көкшетау” газетінің журналистері қол соғып, қуана қойған жоқ. Қасым Аппасұлы сынды арыс азаматтың алдынан ор қазып құлатып, астындағы ақбоз арғымағын көп болып жабылып, күштеп тартып алғандай, Көкшенің ел-жұртына үлкен ұят келтірген абыройсыз іс болған еді бұл, біздің пікірімізше. Ал Нұрсұлтан Назарбаев болса, өз ұсынысын қолдамай, жершілдік пиғыл танытқан көкшелік коммунистер шешіміне сол кездегі партиялық тәртіпке бағынып, ашық қарсылық білдірмегенімен, кейін қасына ерген серіктеріне “Көкшетаулықтардың бұлары несі?!.” деп, ішкі ренішін білдіріп кетіпті деп естідік…

Сол жылы күзде мен республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінің Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Қасым Тәукеновтің тегеурінімен қаласының атауын қазақшалап алып, рухы бір көтеріліп қалған көкшеліктер осы кезде “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген қастерлі ұғымға ден қойып, қилы заманда үш жүздің басын қосқан ұлы Абылай ханның 280 жылдығын келесі жылы республика деңгейінде атап өту жөнінде бастама көтерді. Бірақ, Қазақстан Компартиясы басшылығының осы жөніндегі пікірін білуге жүрексінген обком басшылары жергілікті зиялылардың ұсынысына қарсылық та білдірмей, қолдау да көрсетпей, әліптің аяғын күтетін сыңай танытты. Сөйтіп, бұл мәселенің басы ашылмай, обком тарапынан бірнеше ай бойы үнсіздік орнады.

Көкшеліктер Абылай хан бабамызға алғаш рет ас беріп, аруағын риза етсек деп асыға күткен 1991 жыл да келді. Сол жылдың басында “Социалистік Қазақстанның” облыстардағы меншікті тілшілерінің барлығы Алматыға шақырылып, газеттің бас редакторы Шерхан Мұртаза үлкен жиналыс өткізді. Содан кейін редакция басшылары мен бізді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, ел өмірінің небір өзекті мәселелері жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті.

– Сіздерді мен ел ішіндегі көзім мен құлағым деп санаймын. Облыстардағы жағдайды шынайы жазып, кемшілікке жол берген басшыларды аямай сынаңыздар. Ешкімнен қаймықпаңыздар! – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент:

– Маған қоятын сұрақтарыңыз болса, айтыңыздар, – деген соң республиканың әр түкпірінен жиналған тілшілер Елбасыға сауалды жан-жақтан жаудырды. Республиканың бірінші басшысының қабылдауында бірінші рет болғандықтан, бастапқыда сәл қобалжыңқырап тұрған маған да батылдық бітіп, көкшеліктер көкейінде жүрген Абылай ханның 280 жылдығын тойлау мәселесін көтердім.

– Көкшетаулықтар Абылай хан асын өткіземіз десе, оған менің ешқандай қарсылығым жоқ, – деп кесімді сөзін айтты Елбасы менің сауалыма іліе жауап қайтарып. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл пікіріне жалғыз мен ғана емес, барша әріптестерім дән риза болып, марқайып қалдық. Өйткені, әмірі күшті Кеңес Одағына жариялылық заманы келіп, компартия әлсірей бастағанымен, әлі де тұғырынан таймаған кезтұғын бұл. Оның үстіне, бұған дейін елімізде ешбір ханның мерейтойы аталып көрмеген болатын. Сондықтан да, Елбасының Абылай хан асын өткізу жөніндегі ұсынысқа бірден қолдау білдіруі, сөз жоқ, батыл шешім еді. Бұл жағымды хабар Көкшетау облысы басшыларының да құлағына тездетіп жеткізіліп, дайындық жұмыстары қызу қолға алынды.

Жазда кезінде Абылай хан ақ ордасын тіккен Бурабай баурайында үлкен ас ұйымдастырылып, оған сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастаған ресми адамдар, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер иелері, барлық облыстардың делегациялары қатысты. “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!.” деген ескі сөз де еске түсіріліп, хан тойы тамаша өтті. Ал мен болсам, сол тойдың ұйымдастырылуына көкшеліктер атынан Елбасының рұқсатын сұраған адам болғанымды өмір бойы іштей мақтаныш тұтып өтетін шығармын…

Еліміздің солтүстік өңірі сонау кеңес өкіметі заманында талайдың таңдайын қақтырып, көзінің жауын алған көркем, әрі даласында сары алтындай егіні жайқалған, өрісінде төрт түлік малы мыңғырған берекелі өлке саналатын. Осыны ескерген Мәскеу өткен ғасырдың елуінші жылдарында тың көтеру ұранымен атамекенімізге басқа ұлт өкілдерін лек-легімен қоныстандырғандықтан, өз жерімізде азшылыққа айналып, өз Отанымызда өгейдің күнін кешуге мәжбүр болғанбыз. Асыл дініміз әлсіреп, ана тіліміз шұбарланып, аясы тарылып, жойылуға шақ қалған. Осылай сорымыз қайнағаны жетпегендей, Тың өлкесі құрылып, оның құрамына кіргізілген Қазақстанның бидайға бай солтүстік аймағын Компартия көсемі Никита Хрущев Ресейге қосып жіберу ниетін де жасырмаған. Оның сол сандырақ ойын арада отыз шақты жыл өткенде қайта құру дәуірін бастан кешіріп жатқан жаңа Ресейдің рухани көсемі саналатын әйгілі жазушы Александр Солженицын өзінің аты шулы “Ресейді қалай көркейту керек?” деген мақаласында айқайлата қайталап, Қазақстанның теріскейіндегі тың көтерілген бес облысына тағы да көз алартқаны жадымызда. Мұндай қисынсыз әңгімелер кеудесінде намысы бар қазақ азаматтарының қанын қайнатқанымен, өзге ұлт өкілдерінің арасындағы кейбір ниеті бұзық пенделер, бір кездегі отаршыл ақ патшаның сойылын соққан казачествоның қылышын қайтадан жалаңдатқан шолақ белсенділері Солженицын сіріңке жаққан отқа одан сайын май құйып, өршітіп, өрт шығаруға тырысқандықтары мәлім. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдары, әсіресе, Қызылжар өңіріндегі саяси ахуал ушығуға айналып, шиеленісіп тұрған болатын.

Осы қилы кезеңде Алла жарылқап, өз Тәуелсіздігін жариялаған туған еліміздегі билік тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-бабаларымыздың қаны мен тері төгілген қасиетті жеріміздің тағдыры туралы терең толғануына тура келгені кәміл. Сондықтан да Елбасының ел мен жер тұтастығын сақтау қамымен көпшілікке ұнай бермейтін, тосын да күрделі шешімдер қабылдауына тура келгендігі анық. Солардың бірі – 1997 жылғы көктемде Солтүстік Қазақстан облысы мен көршілес Көкшетау облысының біріктірілуі. Ірілендірілген облыс орталығы болып Петропавл қаласының белгіленуі бізге, көкшетаулықтарға, оңай соқпағанымен, ұлтымыздың көшбасшысының ұйғарымының дұрыстығына еш күмәніміз болған жоқ. Мұны жас мемлекетіміздің басшысының ел іргесін бекіте түсуге бағытталған кезекті қадамы ретінде қабылдадық. Көкшетауда билік басында жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі Қызылжарға облыстық басқару органдарына бірінші-екінші басшы болып ауыстырылып, әкімдіктегі, басқармалар мен әртүрлі ведомстволардағы ұлттық кадрлар қатары бірден қалыңдап шыға келді. Облыс тұрғындарының құрамындағы қазақтардың үлес салмағы да әжептәуір көбейіп, отыз пайыздан асып жығылды. Сөйтіп, еншісін Қызылжардан 1944 жылы бөліп алып, жеке отау – жаңа облыс болып құрылған Көкшетау араға 53 жыл салып, ата шаңыраққа қайтып оралып, ата шаңырақтағы әлсіреген ұлттық рухты көтере түсті.

Сол жылдың басында Петропавлда Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерінің Жоғары әскери училищесі ашылып, облыс орталығының Омбы қаласы жаққа шығар шетіне орналастырылды. Қазір Әскери институтқа айналдырылған, жүздеген курсанттар тәлім-тәрбие алып, жүздеген офицерлер мен әскери қызметшілер Отан алдындағы борыштарын атқарып жүрген іргелі білім ордасы күре жолдың бойында Қызылжардың айбынын асырып тұр.

Елбасыны облыс орталығы мәртебесінен айрылған Көкшетаудың тағдыры да толғандырғаны кәміл. Әйтпесе, араға бір-ақ жыл салып, өкпе-реніші әлі де тарай қоймаған қала жұртшылығының алдына өзі барып, әңгіме құрар ма еді, әсте де?!. Көкшетау қалалық әкімдігінің үлкен залында өткен басқосуға қатысқан Көкше елінің беделді азаматтары мен ақсақалдары бірінен соң бірі мінберге шығып, Президентке айтар арыздарын ашық та кімнің болсын жанына батарлықтай етіп айтып, бағы тайыңқырап тұрған қаланы Мемлекет басшысының өз қамқорлығына алуын өтінген еді сол жолы. Залда отырғандардың арасында кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қасым Тәукеновті обкомның бірінші хатшылығына сайлау туралы ұсынысын қабылдамай тастауды белсене ұйымдастырушылар да бар еді. Олардың төменшікті жүздерінде: “Президент біздің сол қылығымызды кешірер ме екен, кешірмес пе екен?..” дегендей алаңдаушылық бары аңғарылып тұрды… Ал Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ондай пендешіліктен ада екендігін көрсетіп:

– Не істесек те, бәрін де елдің қамын ойлап істеп жатқанымызды түсінуге тиіссіздер, ағайындар! Облыс орталығы етіп елдің шетінде тұрған Петропавл қаласын бекерден-бекер белгілеген жоқпыз. Сонымен бірге, Көкшетауды да жүдетпеуді ойлап, Экология министрлігін осында әкеліп, орналастырдық. Алдағы уақытта Ақмола облысының орталығын да осында көшіруіміз мүмкін. Бәріне де уақыт керек, шыдай тұрыңыздар!.. – деген еді ағынан жарылып. Елбасы сол сөзінде тұрды – келесі, 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға көшірілді. Бөріктерін аспанға ата қуанған көкшеліктерге қызмет бабымен Қызылжарға қоныс аударып кеткен біз де қосыла шаттандық.

2008 жылы тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаев Қызылжарға қызмет бабымен келіп, өз тапсырмасы бойынша “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында қалпына келтірілген Абылайдың ақ үйін өз қолымен ашып, аса көрнекті тарихи тұлға хақында тебірене сөз сөйлеп: “Біз бүгінде өз Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз. Қызылжар қаласының тамаша жерінде орналасқан мұражай кешені тұрғындардың көзайымына айналары сөзсіз.

Абылай хан өз алдына қойған үш маңызды міндетін орындай алмай өмірден өтті. Ол қазақ жерін біртұтас мемлекетке айналдырып, қазақты жер игеруге үйрете алмағанына және қала сала алмағанына өкінсе керек. Оның сол армандарын бүгінде біз жүзеге асырып отырмыз”, – деді. Сол күні Елбасы облыстық әкімдіктің үлкен залында облыс активінің жиналысын өткізіп, өңірдің бірінші басшысының атқарып жатқан жұмыстары туралы есебін тыңдап, оған сол кездегі уақыт талабынан туындап отырған жаңа міндеттер жүктеді. Сол жиында халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы ретінде мен де сөз алып, Қызылжар өңірінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік тіл саясаты жайлы айтып: “1990-1991 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ балаларының небары 25 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 55 пайыздан асты.Тіпті, орыстілді көптеген ата-аналар қазір өз перзенттерін қазақ мектептеріне бере бастады. Былтырғы оқу жылында ұлты басқа 229 оқушы қазақ мектептерінде қазақ тілінде білім алғандығы осыған дәлел. Бұған қоса, орыс-тілді 19 қыз Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан ашылған Тілдер институтында қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып жүр.

Осыдан 17 жыл бұрын облыс орталығында қазақ тілінде білім беретін бір ғана мектеп-интернат бар еді, қазір қаладағы қазақ мектептерінің саны алтыға жетті. Өткен жылы облыс бойынша жаңадан ашылған бес мектептің төртеуі қазақ мектебі екендігі де көңілімізге қуаныш ұялатады. Облысымыздың балабақшаларында қазақ және орыс тілдерін қатар үйрету жөніндегі бастама Сіздің қолдауыңызға ие болып, үш жылдан бері іске асырылу үстінде. Осындай ықпалды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына, сөйтіп Қызылжар өңірінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жылдан-жылға арта түсетініне еш күмәніміз жоқ”, – дедім. Елбасы менің сөзімді мұқият тыңдай келіп: “Мұсырман бауырым дұрыс айтады. Тіл саясатын, міне, осылай жүргізу керек”, – деп біздің облыста қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында атқарылып жатқан игілікті істерге ризашылығын білдірді. Ал Президенттің сөзін естіген досжарандарым болса: “Елбасы сені бауырым деп айтты ғой…” – десіп, менімен бірге мәз болысып қалды. “Менің орнымда сендер сөйлесеңдер де Президенттен сондай жылы лебіз еститін едіңдер. Ол кісіге әрбір қазақ бауыр ғой”, – деп жатырмын мен де…

Елбасының Қызылжар өңіріне әрбір сапары солтүстікқазақстандықтардың кәрі-жасы түгел асыға күткен, ұмытылмас оқиға ретінде есімізде сақталып қалды.

Біз, қызылжарлықтар, Елбасының елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Солтүстік Қазақстан облысына көрсетіп келе жатқан қолдауын ұдайы сезініп келеміз. Ауылдық жерлердегі жолдарының жағдайы әлі түгел түзеліп кете қоймаған, елді мекендердің таза ауызсумен қамтамасыз етілуі де аса көңіл көншітпейтін, әрі орташа еңбекақы мөлшері республика бойынша ең төменгі деңгейде қалып отырған Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беру мақсатымен Президентіміздің кейінгі жылдары тағайындалған үш облыс әкімін де “Туған өңіріне жандары ашыса, осылардың жандары ашыр” деген ниетпен солтүстік-қазақстандықтарға бұрыннан танымал, жергілікті азаматтардың арасынан таңдап қоюы да соны аңғартпай ма?!

Өзімнің журналистік қызметімнің арқасында Елбасыны теледидардан ғана емес, шынайы өмірде де сирек те болса, көре жүріп, Нұрсұлтан Әбішұлының азаматтық және қайраткерлік қасиеттері туралы көңіліме түйген ой-пікірлерім осындай. Алматыдай таулы өңірде туып-өсіп, Алатаудың асқар биіктігін де, ұшқан құстың қанаты талған байтақ дала төсіндегі Теміртау қаласындағы от-жалынды еңбек көрігінде шыңдалып, Сарыарқаның ұшы-қиырсыз кеңдігін де өз ойы мен бойына дарыта білген Елбасымыз нағыз қазақтың қандай болуы қажеттігін бізге де, бізден кейінгі ұрпаққа да ұқтырып жүргендей. “Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел?!” деп ұлы Абай айтып кеткендей, жершілдік, жүз бен руға бөлінушілік дертінен әлі де арыла қоймаған ұлтымыздың басын тек осындай кемел Тұлға ғана біріктіріп, Мәңгілік Ел болу жолымен алға бастап келе жатқандығы күмәнсіз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp