Жеңістің 70 жылдық мерекесі аясында облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы құқық қорғау қызметінің ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне Ішкі істер министрлігінің “Қазақстан” санаторийінде демалып қайтуларына жағдай жасады. Жуырда сауықтыру орны солтүстікқазақстандық ішкі істер органдарының ардагерлері мен құқық қорғау саласында қызмет атқарған тыл еңбеккерлерінің екінші тобын қабылдады. Алғашында 14 ардагер денсаулықтарын сауықтырып, Алатаудың әсем табиғатынан зор әсер алып қайтқан болатын. Одан кейінгі екінші топтың демалушылары да оңтүстіктің жанға жайлы таза ауасымен тыныстап, ем алды, яғни денсаулықтарын жақсартып оралды. Олардың бұл сапарларына облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләловтің өзі бас-көз болып, аталмыш шараны бақылауда ұстауды кадр аппаратына тапсырды.
Отставкадағы полковник Сәбит Ахметовтің осындай қамқорлық танытып отырған елдің және Ішкі істер министрлігінің басшылығына айтар алғысы зор. Қазіргі дағдарысты жағдайға қарамастан, зейнеткерлеріміздің зейнетақысы қосылғанын, сонымен бірге департамент басшылығының санаторийге тегін жолдама беріп отырғанын ризашылық сезіммен айтады. Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Валерий Виноградовтың да жүрекжарды алғыс тілегі осымен үндес. Сол сияқты отставкадағы генерал-майор Борис Цхай, облыстық ішкі істер аппаратының бұрынғы кадр басшысы Әнуар Дәуітов, бұрынғы үздік учаскелік инспекторлардың бірі – Ерсайын Сембин және жол полициясы ардагерлері Әбдірахман Тоқышев пен Алексей Шалаевтар да денсаулықтарын түзетіп қайтты.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы.