Бүгінде еліміздің әр өңірінде 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға арналған іс-шаралар өтуде.
Олардың ең бастысы – Алау эстафетасы. Универсиада алауын тұтату рәсімі алдағы жылдың 25 қаңтары күні Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтеді. 26 қаңтар күні Алау эстафетасы ең бірінші болып Петропавл қаласына әкелінеді. Облыстан таңдап алынған 60 азамат алауды 12 шақырымға созылатын өңірдің ең көрікті жерлерімен алып жүреді. Алау 29 қаңтарда Алматыдағы ойындардың ашылу салтанатына жеткізіледі. Әр өңір алауды алып жүрушілердің тізімін 16 желтоқсанға дейін жариялайды.
Бүгінде Алматыда спорттық нысандардың құрылыстары қауырт жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың шілде айында қысқы Универсиаданың басты нысаны – Алатау ауданында орналасқан 12 мыӊ орындық Мұз сарайыныӊ құрылысы аяқталды. Үш мың көрерменге арналған “Халық Арена” мұз айдыны пайдалануға берілді. Басқа нысандар жоспарға сәйкес тапсырылады деп күтілуде.
Қазір қазақстандық спортшылар алдағы ірі додаларға дайындалуда. Алматы қаласында келер жылы өтетін қысқы Универсиадаға Солтүстік Қазақстан облысынан 9 спортшы қатысады. Алты ай қысы бар солтүстік өңір спортшылары конькимен жүгіруден және шаңғы спортынан бақ сынамақ.
Арман БАЗАРХАНОВ,
2017 жылғы Универсиадаға дайындалу мен өткізу дирекциясының өңірлік менеджері.