Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 26-сессиясының күн тәртібінде 8 мәселе қаралды.
Сессияда алдымен облыстық мәслихаттың «Солтүстік Қазақстан облысының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант бюджетті нақтылау туралы баяндама жасады. Ол өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып, бюджет қаражатын тиімді бөлуге мүмкіндік беретін қажетті түзетулерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Содан кейін ғалым Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай мен еңбек ардагері Виктор Беменович Лиге «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы облыс әкімінің ұсынысы қаралды. Бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады. Сессияда облыстық мәслихаттың сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру ережелері туралы шешіміне өзгерістер енгізу жайлы сөз болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин баяндама жасап, жарнамалық материалдарды орналастыруды ретке келтіруге бағытталған өзгерістерді ұсынды.
Сессияда облыстық мәслихаттың облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның дербес құрамына қатысты шешімдеріне, сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша аудандық сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.