АЛАШ АМАНАТЫ

1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінің алғашқы санының беташар сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы баспасөздің маңыздылығы туралы айта келіп, оның төрт қызметін көрсеткен екен. Алаш арысының айтуынша, газет – ең алдымен халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші – елдің жол көрсетушісі, үшінші – білім таратушы, төртінші – халықтың даушысы. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де баспасөздің қоғам өміріндегі маңызы жоғалған жоқ.

Бүгінгі баспасөз де Алаш амана­тын арқалап, ұлттың сақшысы, үні болып келеді. Сондықтан да газетке жазылу әр азаматтың еліне деген сезімінің, ұлтына деген жанашырлы­ғының көрінісі. Газет қызметкерлері 2026 жылға арналған баспасөзге жа­зылу науқанына орай қолға алған оқырман күні Есіл ауданында жалға­сын тапты.

Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Мереке Мұхамедияров бастаған жергілікті билік өкілдері, басылым жанашырлары, оқырман­дар мен ауыл тұрғындары қатысты. Шарада сөз алған Мереке Тілеужанұлы газет ұжымын 105 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыстық басылымды қолдау жалғаса бе­ретінін айтты. Мінбеге шыққан «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Ербақыт Амантайұлы жинал­ғандарға газетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жетістіктері туралы баян­дап, газет-журнал оқудың маңызды­лығы туралы сөз қозғады.

Оқырмандар арасында газетіміз­бен бірге жасап келе жатқан аға буын өкілдері де аз болмады. Біржан Қой­шыбаев, Мереке Қыдыбеков, Орал Ғазизова есімді оқырмандар басылымның Алаш аманатына адалдық танытып келе жатқан темірқазық екенін айта келіп, жиналғандарды газет, кітап оқуға, басылымға жазы­луға үндеді.

Есіл ауданында өткен іс-шараға арнайы келген ақын, сазгер, өлке­танушы, басылымның тұрақты ав­торларының бірі Дәстен Баймұқа­нов ауданның өткен тарихын тереңнен қозғап, жергілікті тұлғалар мен елді мекендердің өткенінен ақпарат беріп, ән салды. Ақан сері атындағы облыстық филармония­ның әншісі Ерасыл Алпыспай, жергілікті өнерпаздар Тоймырза Абашев пен Жомарт Қалиев кештің сәнін кіргізді. Шарада оқырмандар облыстық газет туралы сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар иеленіп, басылым туралы пікірлерін білдіріп, толғандырып жүрген сауал­дарын қойды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp