Осыдан бір жыл бұрын құрылған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті брифинг өткізіп, атқарған жұмыстарын қорытындылады. Белгілі болғанындай, өңірде кәсібін заңсыз дөңгелетіп, теріс жолмен теңге табамын дейтіндердің саны азаймай отыр.
Өңіріміздің қаржылық-экономикалық саласында 390 қылмыс анықталса, оның 61-і – жалған кәсіпкерлікке, 15-і – заңсыз ойын бизнесіне, 28-і алаяқтыққа қатысты. Сондай-ақ, жыл басынан бері 2 казино әшкереленіп, 16 жалған ақша жасаушылар ұсталған. Аталған істердің барлығы сотта қаралғандығын тілге тиек еткен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің көлеңкелі экономикаға қарсы күрес басқармасының басшысы Амангелді Иманғалиев:
– Қаңтар және ақпан айларында 3 бірдей қолдан ақша жасау фактісі тіркелді. Ұсталғандар 2 мың теңгенің 35 данасын басып шығарған. Қазіргі күні ол азаматтардың кім екені анықталып, істері сотта қаралып жатыр. Олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, – деді.
Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН,
журналист.