«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН ЖИМАЙ ТҰР

«Алло, сіздің есіміңіз Амангелді ме?». Өз атын бейта­ныс жанның аузынан естіген Амангелді ақсақал «Иә» не «Жоқ» деп жауап берерін білмей, үрейлі көзбен маңа­йын бір шолып өтті де, тұтқаны тастай салды. Арада сүт пісірімдей уақыт өткен жоқ, қалта телефоны тағы да бе­зектеп қоя берді. «Алло, сіз Амангелдісіз бе?» – деп сұра­ды тұтқаның арғы жағындағы жан. Ақсақал өзінің атынан өзі шошығандай күйге түсіп, дауысын сәл қарлықтырып «Жоқ» деп жауап берді. Әлгі кісінің: «Мазалағаным үшін кешіріңіз! Астанадан Ринат деген жігіт бір сөмке беріп жіберіп еді. Алушы кісінің нөмірін қате жазып алдым ба екен? Айып етпеңіз!» дегені сол еді, ақсақалдың көңілі көтеріліп: «Амангелді деген менмін ғой, менмін» деп ба­сын изеп, сөзін әрі қарай жалғады: «Ренжіме, балам, сені алаяқ екен деп қалдым. Атымнан кредит алып, қолыма ұстап көрмеген миллиондарды мойныма іліп кете ме деп жүрексінгенім ғой».

Қоғамдық көлікте орын ал­ған осы жағдай көптен бері ойымнан шықпай жүрді. Өкініштісі сол, соңғы кездері екі адамның арасындағы осындай диалогты күн сайын еститін болдық. Бір-бірін мүлдем таны­майтын жандарды айтпағанда, ет жақындардың өзі туыс-бауырға сенбейтін болған.

Ашылған аранын тыя алмай, айылын жия алмай отырған алаяқтар да, олардың ұзын құрығына түсіп қалып жатқан жандар да күн сайын көбеюде. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елімізде 164 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген екен. Қаржыгерлердің айтуынша, алаяқтар көп жағдайда фишинг, жалған сайттар арқылы жеке де­ректерді ұрлау, банк карталары­нан ақша шешіп алу әдістерін жиі пайдаланады.

Өңірдегі жағдай да мәз емес. Облыстық полиция департа­менті ақпараттық саясат бөлімінің маманы Әдемау Меңдібаева жыл басынан бері өңірде алаяқтыққа қатысты 1200-ге жуық фактінің орын ал­ғанын айтты. «Полицияға күнде шамамен 5-7 адам интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалғандарын айтып, хабарласа­ды. Алаяқтыққа қатысты тіркел­ген деректер жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 27,3 пайызын құрап отыр. Жыл бас­талғалы өңірде интернеттегі алаяқтық дерегімен тіркелген қылмыстық істер саны 98-ге жетіп, сотқа дейінгі тергеп-тек­серу нәтижесінде 39 іске қатыс­ты түпкілікті шешім қабылдан­ды», – дейді ол.

Интернет-алаяқтыққа қа­тысты деректердің дені облыс орталығында орын алады. Қыл­мыскерлердің қақпанына түсіп қалатындардың көбі – зейнеткерлер. Петропавлдың 66 жаста­ғы тұрғынына қылмыскер қо­ңырау шалып, өзін «құқық қор­ғау органының қызметкерімін» деп таныстырған. Ол зейнет­керді «алаяқтар пәтеріңді тар­тып алмақшы және оларды әш­керелеу үшін баспананы сату бойынша тезірек мәміле рәсім­деу қажет» деп, айтқанына көндіреді. Қала тұрғыны қор­қып өзіне тиесілі екі пәтерін са­тып жіберіпті. Туыстары мұнда бір шикіліктің барын сезіп, жәбірленушіні полицияға жүгі­нуге көндіреді. Алайда ол ақша­ның бір бөлігін қылмыскер көр­сеткен шотқа аударып, ал қалға­нын курьерге тапсырып үлгер­ген екен. Жедел уәкілдердің үй­лесімді жұмысының нәтижесін­де қаржы шетелге жөнелтілген­ше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылған.

Алаяқтықтың басқа қыл­мыстармен салыстырғандағы бір ерекшелігі – жалпақ жұрт­тың бәріне қатысты жасалаты­ны. Қолында компьютер, смарт­фон, планшеті бар адам кез келген уақытта алаяқтың арбауына түсуі мүмкін.

«Әлеуметтік желі шекарасыз әлемге айналды. Онда күн са­йын мыңдаған тауар саудалана­ды. Қайсысының шынайы, қай­сысының жалған екенін біл­мейсің. Адамдар жарнамасы жер жарып тұрған «сатушыларға» сеніп, төлем жасап жатады. Қандай да бір тауарды сатып алатын кезде сайттағы пікір­лерді бір шолып өту артықтық етпейді», – дейді қаржыгер Да­нияр Маекенов.

Соңғы кездері алаяқтар дип­фейк деп аталатын әдіс арқылы ақша жымқыруға әуестеніп ал­ған. Дипфейк – жасанды ин­теллект арқылы жасалған жал­ған фото, видео, аудио жазба­лар. Яғни алаяқтар адамның түрін, дауысын, қимыл-қозға­лысын айнытпай көшіріп, сол арқылы ақша немесе құпия ақ­паратты оңай алуға тырысады.

Облыстық полиция департа­менті киберқауіпсіздік басқар­масының бастығы Әлнұр Ах­медьяровтың айтуынша, бүгінде алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында «Telegram» мессенджері алдыңғы қатарға шыққан. Оны пайдаланатындар өзге адамның әлеуметтік желі­дегі аккаунтын қолданып, жа­қындарынан қаржылай көмек сұрайды. «Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунт­тарын жасау арқылы азаматтар­дан ақша сұрау жиі кездесетін, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Схемасы қарапайым: кез келген адамның әлеуметтік желідегі жалған ак­каунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, доста­рына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұрала­ды. Биылдың өзінде өңірде осындай 187 дерек тіркелді», – дейді басқарма басшысы.

Кейде алаяқтар мен оларға алданып қалып жатқан жандар­дың көздеген мақсаттары бір болып жатады. Ол – оңай ақша тауып, жылдам пайдаға кенелу. Осының әсерінен болса керек, елімізде жалған брокерлік ком­паниялар мен инвестициялық жобалардың салымшылары кө­бейген. Бірнеше минуттың ішінде жалған криптобиржаның құрбанына айналғандардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Мөлдір Бектемірова. Нәзік жан «Instagram» желісінде ондаған мың жазылушысы бар криптобиржаның «менеджерімен» онлайн байланысқа шық­қан. Олар өз тұтынушысының сеніміне кіру үшін бір реттік «дивиденд» төлеуге де қарсы болмапты. Содан не керек, Мөлдір жылдар бойы жинаған 4,5 миллион теңгесін «менед­жер» айтқан шотқа аудара сала­ды. Екі аптадан кейін алты мил­лион болып қайтатын сома ұш­ты-күйлі жоғалған. Тәртіп сақ­шылары алаяққа алданып қал­ған кезде дереу полицияға ха­барласу қажеттігін айтудан жа­лықпайды. Қылмыскерді тезі­рек табу үшін оның телефон нөмірі, алдау тәсілі, ақша аударылған есепшот, келтірілген шығын мөлшері секілді маңыз­ды мәліметтерді толық айту ма­ңызды.

Алаяқтардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай кө­бейіп бара жатқанына халықтың қаржылық сауатының төмен бо­луы да әсер етуде.

«Телефонда қолжетімді «eGov.kz» порталын қалай жүк­теуді білмейтіндерді кездестір­генде жаның ауырады. Несие тарихын бірінші кредиттік бюро арқылы да тексеруге болады. Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттіктерінің өңірлік өкілдіктерімен де жұмысты жандандыру қажет. Агенттік қаржы ұйымдарының заңсыз әрекетін тексеруге құқылы. Осы сияқты ақпараттардың барлы­ғын тұрғындар білуі тиіс», – дейді қаржыгер Арман Әуесхан.

Өзгені алдап жан бағатындар дамыған технологиядан қалыс­пай, алға озуда. Біз пікірлескен мамандардың ойы олардың адымын жеке деректерді жария етпеу, бейтаныс қоңырауларға жауап бермеу сияқты қарапа­йым сақтық ережелерін ұстану арқылы ғана қысқарта алаты­нымызға келіп саяды.

Асылзат АРҒЫНБАЙ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp