«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЯҚТАР ТЕМІР ТОРҒА ТОҒЫТЫЛДЫ

Қылмыс жасағандар жазасыз қалмайды. Петропавл қалалық соты алаяқтықпен айналысқан Сара Тайжанова, Альфия Жүкенова және Оксана Войдилоға қатысты қылмыстық істі қарап, оларды жазаға тарту жөнінде үкім шығарды.

2012-2015 жылдар аралығында сыбайластар Петропавл және Астана қалаларының тұрғындарын алдап, оларға арзан бағамен тұрғын үй алып береміз деген желеумен ақшаларын жымқырған. Жәбірленушілерге өздерін әкімдік қызметкеріміз деп таныстырған қылмыскерлердің шын мәнісінде ешбір мемлекеттік органға қатысы болмаған. Жергілікті әкімдіктердегі шенеуніктердің арасында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы төмендетілген бағамен үй алып бере алатын өздерінің “таныс-тамырлары” отырғандығы жайлы жалған ақпарат таратқан. Ештеңеден сезіктенбеген жәбірленушілер алаяқтарға ірі көлемде ақша ұстатқан. Осылайша, қалталарын қампитқан қылмыскерлер 23 жәбірленушіге 94 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.

Сотта айыпталушы Альфия Жүкенова өзінің кінәсін толықтай мойындаса, қалған екеуі өздерінің алаяқтық қылмыс жасағандарын мойындаудан бас тартты. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша Сара Тайжанова Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-тармағына және 177-бабының 4-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айрылса, Оксана Войдило мен Альфия Жүкенова Қылмыстық кодекстің 177-бабының 4-тармағына сәйкес біріншісі – жеті, екіншісі алты жылға бас бостандықтарынан айрылды. Жегендері желкесінен шыққан алаяқтар енді жазаларын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады. Сонымен қатар, олардың арам жолмен тапқан дүние-мүлкі түгел тәркіленді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp