Үстіміздегі жылдың маусым айында Петропавл қаласының тұрғыны интернет арқылы шағын несие беру ұйымынан 22 мың теңге көлемінде несие ресімдеген. Ол үшін алаяқ құрбысының пәтерде қараусыз жатқан жеке куәлігін және банк картасын пайдаланған. Кейін құрбысына туыстары оның картасына қаржы аударатынын айтқан. Жәбірленуші картасына түскен 22 мың теңгені алып берген. Алаяқтың қулық іс-әрекеті жәбірленушіге несие төлеу қажеттігі жөнінде хабарламалар келіп түскен кезде әшкереленген.
Облыстық криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Марат Жұмалиев қаскөйлердің жәбірленушілердің жеке мәліметтерін пайдаланып, алаяқтық жасауы жиілеп кеткенін айтады. Интернет арқылы мәміле жасаған уақытта жеке басын куәландыратын құжаттардың немесе түбіртектер мен чектердің фотосуреттерін талап етеді. Яғни, жеке куәліктегі фотосуреттің өзі біреудің атына несие ресімдеуге жеткілікті екен.
Сонымен қатар қазіргі таңда алаяқтар интернет арқылы қандай да бір тауарды сатып алатынын және алдын ала төлем жасайтынын алға тартып, сатушының ұялы телефонына SMS-хабарлама арқылы келіп түскен кодты сұрайды. Іс жүзінде аталған код арқылы қаскөй аңғал сатушының барлық жеке деректеріне қол жеткізіп, есепшотындағы қаражатын үптеп кетуі мүмкін.
Кеңінен тараған тағы бір әдіс – интернет арқылы қымбат тауар, мәселен, пәтер сатып алуға ниеттенген адамдарды алдау. Алаяқ сатып алушының хабарласқанын тосады, кейін өзінің шетелде екендігін және пәтердің толық ақысын алған соң келетінін айтады. Сатып алушыға ақшаны өзінің кез келген туысының біріне аударып, түбіртек көшірмесін салып жіберу ұсынылады. Түбіртектің көшірмесін алған соң алаяқ кез келген жерде ақшаны ала алады.
Алаяқтардың арбауына түспеудің жалғыз тәсілі – өзіңіздің деректеріңізді құпия ұстау, жеке куәліктің, банк карталарының, төлем жасалғандығы жөніндегі чектер мен түбіртектердің фотосуреттерін бермеу, SMS-хабарлама арқылы келіп түсетін пин-кодтар мен құпия сөздерді ешкімге айтпау. Жыл басынан тәртіп сақшылары интернет арқылы алаяқтық жасаудың 29 фактісін ашты.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.