Петропавлда 66 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбаны болды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелге қылмыскер қоңырау шалып, өзін «құқық қорғау органының қызметкерімін» деп таныстырған. Ол зейнеткерді «алаяқтар пәтеріңді тартып алмақшы» және оларды әшкерелеу үшін баспананы сату бойынша тезірек «жалған мәміле» рәсімдеу қажет деп, айтқанына көндіреді.
Қала тұрғыны қорқып өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жібереді. Туыстары мұнда бір шикіліктің барын сезіп, жәбірленушіні полицияға жүгінуге көндіреді. Алайда ол ақшаның бір бөлігін қылмыскер көрсеткен шотқа аударып, ал қалғанын курьерге тапсырып үлгерген екен. Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қаржы шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».