
Қазан айы басталғалы төрт солтүстікқазақстандық телефон алаяқтарының құрбанына айналды.
Жамбыл ауданының 37 жасар тұрғынына хабарласқан белгісіз біреу өзін есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығымын деп таныстырып, есірткі үшін ұсталған ұлын босатуға 2 миллион теңге талап еткен. Сасқалақтап қалған ауыл тұрғыны қолында 100 мың теңге ғана бар екенін айтып, көрсетілген номерге аудара салғаннан кейін ғана 18 жастағы ұлына хабарласқан. Ештеңеден бейхабар бозбала мұндай оқиға болмағанын айтқан. Дәл осы ауылдың басқа тұрғыны алаяқтарға терминал арқылы 400 мың теңге аударған. Екі зейнеткер қария да алаяқтарға алданып, сан соғып қалды. Петропавл қаласының 72 жастағы тұрғыны алаяқтарға 600 мың теңгесін аударса, тайыншалық зейнеткердің 400 мың теңгесі қолды болған.
Облыстық полиция департаменті қылмыстық полиция басқармасының бастығы Петр Климов тұрғындарға алаяқтардың құрбанына айналмау үшін ең алдымен сасқалақтамау керек екенін ескертеді. “Телефон алаяқтары өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, әр түрлі оқиғаларды ойлап табады. Туысыңыз жол-көлік апатына ұшырады немесе есірткімен ұсталды деп өтірік айтуы мүмкін. Олар кенеттен хабарласып, сенімді сөйлейді”, – дейді полиция полковнигі.