Петропавл қаласының тұрғынына қаңтар айынының басында микроқаржы ұйымынан алынған несиесінің кезекті төлемі өтелгені туралы хабарлама келген. Ол несие алмағанын айтып, полицияға шағымданды. Оның интернет-алаяқтық құрбанына айналғаны анықталды. Бұған дейін мұндай жағдай біздің өңірімізде кездеспеген.
Кейін белгілі болғанындай, қаскөйлер “ВКонтакте” әлеуметтік желісіндегі жалған парақша арқылы одан көмек сұраған. Атап айтқанда, карточкасына ақша аударып, сол қаржыға ауруханада жатқан науқасқа азық-түлік апарып беруін өтініпті. Жанашыр азамат бірден келісіп, қылмыскерге өз реквизиттерін, жеке куәлігінің нөмірін, есепшотын айтып берген. Карточкасына 40 мың теңге түскені сол екен, әлгі адам қайтадан хабарласып, ауруханаға барудың қажеті жоқ екенін айтып, бұл ақшаның 3 мың теңгесін қалдырып, қалғанын қайтаруды өтінген. Ол өз атына несие ресімделгенінен бейхабар еді.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Уәлиханов ауданының 19 жасар тұрғыны ұсталып, алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалды. Оның осы тектес басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Тәртіп сақшылары банк карточкасының пин-коды, есепшот нөмірі сияқты құпия мәліметтерді ешкімге айтпауға, сайт арқылы сауда жасағанда алдын-ала төлем жасамауға және сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.
Былтыр облыс полицейлері ақпараттық жүйелер арқылы жасалған 56 алаяқтық дерегінің бетін ашты.