
Петропавл қаласының полицейлері бірнеше рет алаяқтық жасаған әйелдің ісі бойынша жәбірленушілерді іздеп жатыр. Петропавл қалалық полиция басқармасына қала және аудан тұрғындарынан алаяқтық фактілері бойынша бірнеше арыз келіп түскен.
Әйел таныстарына сыйақыға жоғары білім туралы диплом немесе жүргізуші куәлігін, ал кейбіреуіне әкімдік арқылы пәтер алып беруді «ұсынған». Әдетте, қызметі үшін 350 мың теңге алып отырған, ал бір жағдайда «көмегін» 700 мың теңгеге бағалаған. Алаяқ кейбір клиенттеріне көмек қажет тағы бір адамды ертіп келген жағдайда, жеңілдік жасайтынын айтқан. Уәденің орындалуын күте-күте шаршаған кейбір жәбірленушілер полицияға арызданыпты.
Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
-Қазіргі уақытта алаяқтың әрекетінен зардап шеккен адамдардың саны анықталып жатыр. Алайда қылмыстық істің сипатына қарай жәбірленушілердің бәрі бірдей арыз жазуға дайын емес. Соған қарамастан біз жәбірленушілерден полицияға жүгініп, қылмысты толық ашуға көмектесуін сұраймыз, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов.
Бүгінгі таңда күдіктінің 10 қылмысқа қатысы бары анықталды. Келген шығынның сомасы 3 млн. теңгеден асады. Полицейлердің пайымдауы бойынша, жәбірленушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Тергеу жүріп жатыр. Жыл басынан бері облыс орталығында алаяқтық фактісі бойынша 174 қылмыстық іс сотқа жетті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.