
Петропавл қаласының тұрғыны интернет-алаяқтық салдарынан 500 мың теңгесінен айырылды. Ол интернеттен 1 миллион теңгеге “Мерседес” көлігі сатылатыны туралы хабарландыруды көріп, хабарласқан. “Сатушы” қиын жағдайға тап болғандықтан көлікті бұдан да арзанға сатуға дайын екенін, тек алдымен 500 мың теңге төлеуі тиіс екенін айтқан. Бірақ өз жұмыстарымен Бурабайға кетіп қалғанын алға тартып, кездесуден бас тартқан. Сатып алушының күдігін сейілту үшін “өзімдікі” деп жеке куәліктің суретін жіберіпті. Есеп-шотына 500 мың теңге түскеннен кейін, ұшты-күйлі жоқ болған. Санын соғып қалған жәбірленуші о бастан алаяқ болуы мүмкін екенін іші сезгенін айтады.
Полиция капитаны Виталий Подчерниннің айтуынша, тұрғындардың көбі интернет-алаяқтықтан хабардар. “Бірақ алаяқтар адамның іші-бауырына кіріп, аяушылық сезімін тудырып, сенімін жаулап алуға тырысады. Көп жағдайда психологиялық амалдарды қолданады, тауарды басқа біреу сатып алайын деп жатқанын айтып, асықтырады. Жеке куәліктерінің суретін жібереді. Бұдан соң жәбірленуші оның құрығына қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалады. Мұндай адамдарға сенуге болмайды. Бейнеқоңырау арқылы түрінің куәліктегі суретке сәйкестігін тексерген артықтық етпейді”, – дейді Виталий Подчернин.
Қаңтар айында өңірімізде интернет-алаяқтықтың 27 дерегі тіркелді. 6 күдікті ұсталды. Оларды ұстау үшін өңір полицейлеріне Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Екібастұз қалаларына іссапарға аттануға тура келді. 19 жағдайда алаяқтар алдын-ала төлем талап еткен.