«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАҚАНЫ – АЯЛЫ, ЖАНЫ – ЖОМАРТ

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылы өңіріміздегі тасымалдың ең үлкен күретамыры саналатын “Петропавл-Сергеевка” тасжолының бойында орналасқан. Тасжолдың сол жағында кейінгі жылдары небір құрылыстар бой көтерсе, қарсы бетінде ежелден ірге қалаған ғимараттар және тұрғын үйлер барын білеміз. Осы оң жақ бетте қызыл кірпіштен қаланған мешіт ғимараты көз тартқалы да біраз жыл болып қалды. Сырт кейпі көз тартқан мешіттің өз мұқтажы барын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Алайда, күмбезін реттеп, төбесіне жаңбыр жауса, су өтпейтіндей қайта жамылғы төсеу және Ай белгісін жаңарту қажеттігін намазхандар ауызға алып, әсіресе, имам құлаққағыс қылып жүргенін кейін аңғардым.

Бірде осы мешітке таяу барып, жақыннан көз салғанда Бескөлде тұратын ауылдасым әрі досым Тұрлыбек Хамитов деген азамат Ай белгілеріне назарымды аударып:

– Шіркін қалталы бір азамат табылып, ана Ай белгісін таттанбайтын болатпен алмастырар ма еді, – деп қынжылған еді.

… Өткен Рамазан айында ол маған телефон шалып, қуанышты дауыспен Петропавлда тұратын ұлты орыс Юрий Александрович Шаврин деген кәсіпкер мешіттің сыртқы кейпін көріп, Айын таттанбайтын болатпен алмастырып бермек ойын білдіргенін айтты. Осы қуаныш үстінде ол жеңіл машинасымен мені Бескөлге апарып, Күн сәулесімен шағылысып, жарқырап тұрған жарты Ай белгісін көрсетті.

Досымның нұсқауымен мен кәсіпкер Ю. Шавринді іздеп шықтым. Тұрлыбек Қабдоллаұлы айтқандай, іскер азамат осы еңбегі үшін мешіттен ешқандай ақы талап етпегені мені таңғалдырды. Бір теңгені бір аттың құнындай көретін бүгінгі заманда бұл не қылған жомарттық деген ой мазалай берді.

Алайда, кәсіпкердің аты-жөнін білгенмен, оны тауып алып, тілдесу оңай болмады. Ұялы телефонын мешіт имамы Қадырбек Шәріповтен сұрап білсем де, көпке дейін сөйлесе алмадым. Оның азамат болып қалған ұлы әкесінің іссапарға шығып кеткенін, сондықтан жуық арада тілдесу мүмкін еместігін ескертті.

Бірақ тілші атаулыға тән ықылас маза бермей, мен имамның өзімен алдын ала хабарластым.

– Әуелгіде өзім де таңғалдым. Кәсіпкердің өзі Рамазан айында мешітке келіп, оны жөндеуге көмектескісі келетінін, ол үшін ешқандай да ақы талап етпейтінін айтқанда сенбей қалғаным рас. Бірақ өзі сұранып, қол ұшын созуға ынтасын танытып тұрған соң келістім. Және ол өзінің жігіттерін жіберіп, айналасы бір аптаның ішінде жаңартып, жөндеп шықты. “Жақсыдан – шарапат” демекші, иманжүзді, жаны жомарт азамат екенін ісімен айғақтап берді. Сол үшін намазхандардың атынан және өзім зор алғысымды арнадым, – деді Қ.Шәріпов.

… Ақыры мен кәсіпкерді тауып алып, өз атымнан да ризалығымды білдірдім. Әңгіме тиегі ағытылды.

Елу тоғыз жастағы Юрий Александрович “Шаврин” жеке кәсіпкерлігін басқарады екен. Мамандығы – инженер. 1994 жылға дейін Петропавлдағы “Динамо” тігін фабрикасында осы мамандық бойынша еңбек етіп келіпті.

– Бірде өндіріс тоқтап, жоқшылық аяқты тұсап тастаған кезде салым суға кете бастағанын аңғардым да, “Еруліге – қарулы” дегендей, бір қарекет қылуды ойластырдым. Құдайға шүкір, тәжірибем жеткілікті, соған сай білімім де бар. Несіне жерге қарап жүремін. Одан да өз алдыма кәсіпорын құрайын деген оймен қабырғаммен ақылдасып, бар қаражатымызды жиып, тамыр-таныстардан қарызға ақша тауып, шағын кәсіпорын ашуды қолға алдым, – деді ол.

Сонымен, Ю. Шаврин облыс орталығындағы “Рембыттехника” кәсіпорнының жанынан өзінің жекеменшік ұйымын құрады. Ульянов көшесі, 49 ғимаратында орналасқан осы кәсіпорынның ауласынан шағын шеберхана ашып алады. Кейін кәсіпорын аумағында “Эмират” мейрамханасы орналасқан соң оның қожайындарының ыңғайын таппай, Универсал көшесі, 1 ғимаратында қоныс тепкен “Қалалық сүт зауытының” ауласына ауысады.

Өндірістің ең қолайлы түрі деп тұрғындардың тапсырысы бойынша металдан жасалатын түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Мысалы, темір қоршаулар, мешіттің, шіркеудің күмбездері, су өткізбейтін жамылғылар, тұрғын үйлердің балкондарының төбесін жабу сияқты жұмыстарды тындырады. Бұл бұйымдарды көңілден шығатындай, жоғары эстетикалық талғамға сай әрі сәнді етіп жасау үшін қымбат болса да, лайықты токарь, фрезер станоктарын, басқа да аса қажетті құралдар мен жабдықтарды сатып алған.

Осы жұмыстарды атқаруға қабілетті, кәсіби, білікті шеберлерді жанына топтастырып, жұртшылықтың, түрлі ұйымдардың тапсырыстарын тап-тұйнақтай етіп орындауға әбден төселіп алады.

– Кәсіпорным 1998 жылдан бері осындай жұмыстарды атқарып келеді. Бастапқы кездері қаражаттан тарыншылық көргенім рас. Алайда, мойымадым. Бастаған істі орта жолда тастап кету, ойға алғанымнан айнып шығу маған жат. Сондықтан бәріне төзуге тура келді. Қазір менің кәсіпорнымда сегіз білікті жұмысшы еңбек етеді. Айлықтарына көңілдері қалған емес, – дейді кәсіпкер.

Әңгіменің сөлі оның мешітке қол ұшын беруі және де тегін жөндегені болғандықтан, сөзді осы жағына бұра бердім. Ол күліп жіберді де, ойымды аңғарғанын сездірді.

– Мені ешкім үгіттеген жоқ. Бескөлге бара жүріп, әрі жолай өткен сайын мешіттің сырт кейпіне көз салып, Ай белгілерін таттанбайтын болатпен ауыстырса, қандай ғанибет болар еді деп түйдім. Сондықтан осы ойымды айтып, имамның рұқсатын алдым. Жұмысымызды тегін атқаратынымды айттым. Өйткені, барша азаматқа дін, имандылық қадірлі. Дінді ардақтай білу – адамгершілік. Оның үстіне, мұсылманның ұлық айы – Рамазан кезінде осындай сауапты іс атқарсаң, Алланың нұры жауады деген сөзді талай мәрте естіген едім, – деді Юрий Александрович.

Ол әңгіме үстінде басқа да мұқтаж, қаражаты кемшін ұйымдарға, қолы қысқа азаматтарға қамқорлық жасап жүргенін жасырмады.

“Түсі игіден түңілме” демекші, инабаттылығы, имандылығы өңінен аңғарылып тұрған азаматқа шынайы алғысымды білдіріп, ісіне сәттілік және табыс тілеп қоштастым.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp