Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысуда.
Вице-министр облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге Есіл өзені, қар суы басуы мүмкін жол учаскелері мен елді мекендерді және қауіпті аумақ картасына енген жерлерді тікұшақпен әуеден бақылап, кейін Сергеевка су қоймасы мен Петропавл су торабындағы жағдаймен танысты. Бүгінде Есіл, Аққайың және Қызылжар аудандары су басуы ықтимал аймақтарға жатады.
“Қазсушар” РМК-ның басшысы Аманжол Қожағұлов су торабындағы жағдай ұдайы назарда екенін жеткізді. Алайда, су қоймасынан жіберілген су арнасынан асып, өзен бойындағы ауылдарға және Петропавл қаласына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ, Есіл ауданындағы алқаптарға қардың қалың түсуіне орай облыстық маңыздағы автожолдарды су шаю қаупі байқалуда. Наурыз айының соңында Есіл өзеніндегі мұздың көбесі сөгіліп, сең жүре бастағанда Петропавл су торабындағы барлық бекітпелер ашылады.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин сақтықта қорлық жоқ екенін атап айтты.
– Біз аудандарды әуеден шолып өттік. Алдын алу жұмысы жоғары деңгейде атқарылып жатқанын көрдік. Дегенмен, кейбір елді мекендердегі ахуал алаңдаушылық тудыруда, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
“Казгидромет” РМК-нің болжамына сәйкес, күн ерте жылынса, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болуы мүмкін. Су тасқыны орталық және солтүстік өңірлерде наурыз айының соңы мен сәуір айының басында болады деп күтілуде.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде 95 елді мекен мен 280 шақырым жол су астында қалуы мүмкін екенін айтты. Қазір қауіп төнген аумақтарды судан қорғау үшін арықтар қазылып, су өткізгіш құбырларды алмастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ал 60 елді мекенде инженерлік жұмыстар қолға алынып, 68 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды. Облыс орталығының Былғары зауыты кентін бөліп тұрған бөгет, Мамлют қаласы маңындағы арық құрылғылары қайта құрудан өткізіліп, Булаево қаласындағы көлдің айналасы тереңдетілді. Мамандар су қоймаларының толуын да бақылауда ұстауда.
Облыстың елді мекендерінен бір миллион текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға 561 млн. теңге қарастырылған, 41,1 мың тонна инертті материал мен 139,1 литр жанар-жағармай дайындалды. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 2713 адамнан құрылған жеке құрам, 827 бірлік техника, соның ішінде су сорғызатын 309 бірлік техника мен 133 жүзу құралдары жұмылдырылатын болады.
Сонымен бірге елді мекендер бойынша рейдтер, жиындар өткізіліп, тұрғындарға жадынамалар таратылуда. Су тасқыны кезінде тұрғындарды ақпараттандыруды ұйымдастыру үшін барлық қолжетімді әдістер қолданылатын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.