Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары су басу қаупі жоғары елді мекендерді бақылауға алды. Шағын өзендердің және көлдердің суға толуынан зардап шегуі мүмкін ауылдарға құтқарушылар топтары мен техникалар жіберіліп, жағдай бақылауға алынды. Бұл туралы департаментте өткен баспасөз мәслихатында ведомство бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Баяндамашының айтуынша, жағдай ведомство мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың жіті бақылауына алынған.
– Былтырғы жылдардың тәжірибелері ескеріліп, географиялық, климаттық жағдайға, ауа райына алдын ала болжам жасалды. Жыл бойы кешенді жұмыс жүргізілгенімен, өзендердегі судың деңгейі күн санап көтерілуде. Жылдағыдай Айыртау, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда күрделі жағдай қалыптасып отыр. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуінің нәтижесінде облыс аумағындағы су қоймалары ернеуінен асуда. Уақытында көмекке келген департаменттің құтқарушылары мен ауыр техниканың арқасында бірде-бір елді мекенге су кірген жоқ. Тұрғын үйлер мен аулаларды судың басуына жол бермеу мақсатында 211 тонна жанар-жағармай, 42 мың тонна инертті материал, 50 мыңға жуық қап дайындалды, – деді Нұрлан Атығаев.
Департамент мамандары сорғы құрылғылары мен мотопомпалардың көмегімен 284 мың текше метр қар суын сорды. Сондай-ақ, 17 шақырым арық пен тоған тазартылып, тереңдетілсе, құм салынған 1,9 мың қаптардан уақытша бөгеттер жасалды. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың 50 өкілі жұмылдырылды. Нәтижесінде Айыртау мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы өзен-көлдеріндегі судың деңгейі төмендеді. Наурыз айынан бері облыстық және республикалық маңызы бар 40 автожолдың учаскелерін су шайған болатын. Қазіргі уақытта 36 учаскеде жағдай тұрақталды. Аудандық маңызға ие төрт жол учаскесі су астында қалғанымен, автокөлік қатынасы бұзылған жоқ. Тұрғындар айналма жолдар арқылы қатынауда.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы барлық су қоймалары ерекше бақылауда. Олар бүгінде шататтық режімде жұмыс істеуде. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандары берген соңғы мәліметке сәйкес, Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі бөгеттің жотасынан 160 сантиметрге асқан. Салдарынан Есіл мен Қызылжар аудандарында өзен деңгейі көтеріліп келеді. Атап айтқанда, соңғы тәулікте Петропавл қаласының маңындағы Мичурино және Заречный елді мекендері мен сол маңдағы саяжайларға су кіруі мүмкін. Қызылжар ауданындағы Прибрежный ауылына апаратын автожолды жылдағыдай су шаяды деген болжам бар. Бұдан бөлек, халықаралық маңызға ие «Челябі-Новосібір» тас жолының 528 шақырымын су басуы мүмкін.
Аудан орталықтарында құрылған шұғыл штаб өкілдері Шағалалы мен Сілеті өзендерін бақылауға алған. Бұл өзендерде мұздар ойылып, су ағыны қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Уәлиханов, Айыртау, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы 12 шағын өзендер мен көлде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар барысында 600 килограмға жуық жарылғыш зат қолданылды.