«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАҢ ИЕЛЕРІ – “АҚ БИДАЙДЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

“Ақ бидай – 2015” спартакиадасының құрметті меймандары ең алдымен “Жеңіс” саябағындағы елге жеңіспен оралған жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір шаңырақ астында татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқан түрлі этностардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Бұдан соң “Ақ бидай – 2015” жазғы спартакиадасы делегациясының шеруі өтіп, салтанатты түрде алаңға бет алған аудандар құрамаларына құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров:  

– Саламатты өмір салтын қалыптастыру – ел алдында тұрған басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта спорт саласының дамуына өңірімізде барлық жағдай жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортпен шұғылданушылар санын халықтың 30 пайызына дейін жеткізу мақсатын қойса, өңіріміздегі бұл көрсеткіш 26 пайызға орындалған. Ауылдан шыққан талантты жастардың топ жаруына осындай ойындар серпін беретініне сенімдімін. Мәселен, велоспортшы Александр Винокуров, гір көтеруші Виталий Диденко, кәсіби боксшы Жанат Жақиянов, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Самат Қадырбеков, Алексей Луценко, Маргарита Мұқашева “Ақ бидай” ойындары арқылы үлкен спортқа жолдама алды. Отандық спорттың өркендеуі мен гүлденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын! – деп спортшыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз алған халықаралық турнирлердің жүлдегері Маргарита Мұқашева Тайынша қаласындағы “Жеңіс” саябағында жаңадан салынған жеңіл атлетикалық нысан ауданның жас спортшылары үшін бұл салада үлкен жетістіктерге қол жеткізудің зор мүмкіндігі екендігіне баса назар аударып, облыс аудандарынан келген құрама командаларға жеңіске деген ұмтылыстарында сәттілік тіледі.

Спартакиада салтанатты түрде ашылғаннан кейін “Ақ бидай – 2015” алауын тұтату құрметі самбодан спорт шебері, еркін күрес бойынша спорт шеберінен үміткер тайыншалық Тамирлан Темірхановқа берілді. Содан кейін көпшіліктің назарына Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай әзірленген театрландырылған көріністер ұсынылып, әсем безендірілген кең сахнада жергілікті өнерпаздар ән шырқап, салтанат шырайын аша түсті.

Үш күнге созылған “Ақ бидай – 2015” жазғы ауыл спорты ойындарына қатысқан 1500-ге жуық әуесқой спортшы волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, еркін күрес, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, гір көтеру, армрестлинг және жазғы президенттік көпсайыс сияқты спорттың 15 түрінен күш сынасты.

Нәтижесінде, тайыншалықтар футболдан, еркін күрестен, үстел теннисінен, қол күресінен, нысана көздеуден бірінші орынға ие болды. Осылайша, жалпыкомандалық есепте 341 ұпай жинап, жеңіске жеткен алаң иелеріне 318 және 235 ұпай жинаған Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен Мағжан Жұмабаев аудандарының спортшылары мықты бәсекелестік таныта білді.

Тартысты сайыс барысында Мағжан Жұмабаев ауданының спортшылары ерлер арасында волейболдан және дойбыдан, ауыр атлетикадан үздік атанса, нәзік жандар арасында волейболдан жарысқа түскен Жамбыл ауданының қыздары қарсыластарын шаң қаптырды. Бәсекелі өткен сайыстағы гір көтеру, шахмат және қыздар арасындағы баскетбол сынында Шал ақын ауданының құрамасы жеңіске жетсе, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан велоспортта, ерлер арасындағы баскетболда және жазғы президенттік көпсайыста көштің алды болды. Ал Айыртау ауданының спортшылары жеңіл атлетика сайысының үздіктері атанды.

Бәсекелі доданың қорытындысы бойынша жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен, кубоктармен марапатталды. Спартакиаданың жеңімпазы – Тайынша ауданының құрама командасы 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігінің кілтіне ие болды.

Шараның салтанатты жабылу рәсімінде Тайынша ауданының құрамасы “Ақ бидай – 2015” спартакиадасының туын Жамбыл ауданына салтанатты түрде табыстады.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp