“Soltústik Qazaqstan” облыстық қоғамдық-саяси газетінде Айыртау ауданына қарасты Қарақамыс – Бірлестік – Лавровка ауылдарын байланыстыратын тасжолдың нашар жағдайы туралы мақала жазған болатынмын. Бірақ сол мақалаға ешкім назар аударып, сыннан қорытынды шығармаған сыңайлы. Сондықтан қолыма қалам алып, хат жазуға мәжбүрмін. Екі жыл өтсе де, “баяғы жартас, сол жартас” күйінде қалып отыр.
Облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Қарақамыс ауылында алпыстан астам отбасы түтін түтетіп отыр. Іргесі сөгілмей отырған елді мекендегі әр шаңырақ бүгінгі күні атакәсіпті жандандырып, өрісті малға толтырды, жазда егіні жайқалып тұрады. Бір сөзбен айтар болсақ, елді мекеннің болашағы зор. Әттеген-айы, біздің ауылды аудан орталығымен байланыстыратын Светлое, Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш және Сырымбет елді мекендерінің бойымен өтетін тасжолдың жағдайының мәз еместігі. Сәуірдің алғашқы аптасында сапарға шығып, тағы да жол азабын молынан көрдім. Әр метр сайын ошақтың орнындай болып үңірейген ой-шұңқыр. Қол созым жердегі ауылға сағатына 15-20 шақырым жылдамдықпен жүруімізге тура келді. Қыс кезінде қар астында қалатындықтан бұл тесіктер жолаушыға аса сезілмейді. Алайда, ақ ұлпа ерігені сол еді қайтадан Алдар көсенің шапанын көргендей болдық.
Жол азабын жергілікті билік өкілдеріне талай айттық. Біраз мекеменің табалдырығын тоздырдық. Былтыр ауыл ақсақалы Өміртай Жүсіповпен бірге аудан әкімінің қабылдауында болып, бұйымтайымызды ашық айтқан болатынбыз. Басшы жағдаймен таныс екендігін жеткізіп, биыл жолға жөндеу жүргізіледі деп сендірген. Алайда, жуырда әкіміміз ауысып кетті. Енді көптің тілеуі орындалмай қала ма деп күдіктенеміз. Жаңа әкімнің құлағына алтын сырға, егер тиісті жөндеу жүргізетін болса, бұған дейінгідей жүрдім-бардым емес, сапалы атқарғанын қалаймыз. Ағайынның базынасы ескеріліп, Қарақамыстың тамырына қайтадан қан жүгіртер күрежол жөнделер деп үміттенеміз.
Сөз соңында өңір тұрғындарының мұң-мұқтажына үнемі құлақ асып, мәселелерінің шешілуіне атсалысып жүрген, биыл алғашқы санының шыққанына 100 жыл толған басылым – “Soltústik Qazaqstan” облыстық газетінің ұжымын мерейтоймен шын жүректен құттықтағым келеді. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сынды қазақтың біртуар тұлғалары қызмет еткен басылымның әрқайсымыз үшін орны бөлек. Мерзімді басылымды күн сайын асыға күтеміз, жазылған әр мақаланы жарыса оқимыз. Осылайша, рухани азық аламыз. Ғасыр жасаған газеттің ғұмыры ұзақ, еңбектеріңіз жемісті болсын! Қаламдарыңыз мұқалмасын!
Меңдібай ТӘЖІБАЕВ,
Қарақамыс ауылының тұрғыны.
Айыртау ауданы.
Сурет: https://inbusiness.kz/