Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күніне орай облыстық тексеру комиссиясы салтанатты жиын өткізді. Оған облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Шара барысында тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин жыл басынан бері атқарылған жұмыстары туралы баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды.
– Қазақ елі Тәуелсіздіктің 27 жылында дүниежүзіне танылды, еліміз жаңа үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы мемлекет өзінің саяси, әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларын жүзеге асырады. Біздің жұмысымыздың да мақсаты осыған сай келеді, – деді Тілеген Төлегенұлы.
Облыстық тексеру комиссиясы үстіміздегі жылдың он айында Петропавл қаласы мен Мағжан Жұмабаев, Жамбыл және Уәлиханов аудандарындағы 60 мемлекеттік ұйымда 16 мемлекеттік аудит жүргізген. Аудиторлық іс-шарамен қамтылған бюджеттік қаражаттың жалпы көлемі 46 млрд. теңгені құрады. Жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақты дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау мақсатында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша 1,6 млрд. теңгенің бұзушылықтары анықталды.
Бүгіндері аталған қаржының 1,5 млрд. теңгесі бюджетке қайтарылған. Қаржылық тәртіп бұзушылыққа жол берген 146 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,4 млн. теңгенің айыппұлын төледі.
Шара барысында облыстың дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген бір топ азамат марапатқа ие болды. Халық қалаулылары – Еркебұлан Мәмбетовке, Есжан Оразалинге, Біржан Жалғасбаевқа, Ғафура Бөстековаға, Сергей Тимофеевке, Юрий Белоногқа, Екатерина Старостинаға, Олег Завьяловқа, “Қызылжар-Ақпарат” және “Северный Казахстан баспасы” ЖШС-нің директорлары Жарасбай Сүлейменов пен Иван Моорға Алғыс хат табыс етілді.
Есеп комитетінің қызметкерлерді сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссиясының шешімі бойынша облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Марат Ебжанов жоғары санатты мемлекеттік аудитор сертификатына лайық деп танылды. Тексеру комиссиясы аппаратының басшысы Тимур Тұрсыновқа үшінші дәрежелі “Қаржы сақшысы” медалі берілді. Бөлім басшысы Жанат Өтегенов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, бас маман Айгүл Әбдірахманова облыс әкімінің, ал Елена Олейникова, Арман Молдағұлов тексеру комиссиясы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.