“Nur Otan” партиясының сайлауалды тұжырымдамасының орындалу нәтижелері саяси ұйымның өңірлік филиалының есеп беру-сайлау конференциясында талқыланды.
Филиал төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жиында саяси кеңестің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы филиал төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованың есебі тыңдалды. Бүгінде өңірдегі 246 бастауыш партия ұйымы 28,5 мыңнан астам нұротандықты біріктіріп отыр. Екі жыл ішінде партиялық қайта жаңғыру, праймериз және екі сайлау ойдағыдай өтті.
“Партия коронавирусқа байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан санитарлық талаптарды сақтай отырып бірталай іс-шаралар ұйымдастырды. 23761 тұрғынға “Birgemiz” қорынан 1 млрд.188 млн.-теңгеден астам қаржы аударылды. “Jas Otan” еріктілері 3 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттерін жеткізді. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 14 мыңнан астам өтініш түсіп, 37 пайызы оң шешімін тапты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік қамсыздандыру, жер учаскелерін бөлу, жұмысқа орналастыру, еңбек даулары адамдар үшін әлі де өзекті мәселелер саналады. “Бақытты отбасы”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек” партиялық жобалары аясында 1900-ден астам іс-шара өткізілді”, – деді Әсем Қалашбайқызы. Оның айтуынша, партия филиалында кадрлық резервті қалыптастыру, жастарды қолдау бойынша кешенді жұмыстар атқарылып, партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметі жандандырылды. Соңғы екі жылда партия жарғысын орындамағаны үшін 29 адам жауапқа тартылып, 7 адам ескерту алды. Сыбайлас жемқорлық талаптарын өрескел бұзғаны үшін партиядан 18 адам шығарылып, 29-ы жауапкершілікке тартылды.
Конференция делегаттары талқыланған мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Филиал төрағасы Құмар Ақсақалов “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламаның орындалуын күнделікті бақылау басты басымдық болып табылатынын атап көрсетті. “Бүгінгі таңда сайлау алдындағы бағдарламалардың орындалу жайымен 12 қоғамдық кеңес айналысады. Бес жыл ішінде серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатымен республикалық бюджеттен 500 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Алқалы басқосуда “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдарға арналған есебі тыңдалып, саяси кеңес пен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы.