«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға өңірден 653 адам өтініш беріп, 645-і тіркелген болатын.
Праймериздің пікірсайыс кезеңі республикалық саяси ұйымның қалалық филиалында бірінші болып басталды. Оның ашылу салтанатында сөйлеген қалалық саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев депутаттықққа үміткерлерге қойылатын талаптың жоғары екенін жеткізді. «114 кандидат 20 топқа бөлініп, ашық алаңда партияішілік ашық пікір сайысына түседі. Әр сайлаушының дебатты тамашалау, сұрақтар қою мүмкіндігі бар», деді Кеңес Таңатарұлы.
Жеребе бойынша анықталған алғашқы бес үміткер бірінші раундта сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, биліктің халықпен кері байланыс орнату, жолдарды сапалы жөндеу, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жандардың азық-түлік себетін толықтыру, шағын және орта бизнесті жандандыру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын жақсарту секілді мәселелерге баса назар аударды. Проблемаларды шешу жолдары ұсынылды. Екінші раунд «сұрақ-жауап» түрінде ұйымдастырылды. Шектеулі уақыт ішінде әр үміткер мейлінше көп дауыс алуға тырысып бақты. Ең бастысы, өз көзқарасы мен ұстанымын ұғынықты тілмен дәлелді, иланымды түрде баяндап, сайлаушылардың сеніміне ие болуға ұмтылды.Әлеуметтік желілерден тікелей эфирде көрсетілген пікірсайысты бір мыңға жуық адам тамашалады.
Кейбір қатысушылар бірқатар себептерге байланысты өз кандидатураларын алып, саяси бәсеке жолынан шығып қалды. Депутаттықтан үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарының барысы туралы ұйымдастыру комитетін хабардар етіп отырады. Материалдарды сайтта болмаса мобильді қосымшада орналастырады. Жинақталған ақпараттармен кез келген партия мүшесі таныса алады.
Мұндай пікірталастар 30 қыркүйекке дейін өткізіліп, 1-3 қазан аралығында нұротандықтар өз таңдауларын жасайды. Партия белсенділерінің жаңа құрамын жасақтайды.