Дәстүрлі “Солтүстік – 2015” қысқы ауыл спорты мерекесі мәреге жақын қалды. Үш күннен соң Уәлиханов ауданында XIX дәстүрлі доданың салтанатты жабылу рәсімі өтеді.
Әр аудан спортшылары үшін дәстүрлі “Солтүстік” пен “Ақбидай” ауылдық спорт ойындарында жеңіс тұғырынан көріну зор мәртебе. Бұл – додада жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілу аудан спортшыларының жылдық дайындықтарының нәтижесі, ауылды жердегі бұқаралық спорт дамуының көрсеткіші іспеттес. Ал бұл өз кезегінде жергілікті спорт инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.
Мәселен, 2014-2015 жылдың қыс маусымында “Солтүстік” ойынының иесі Уәлиханов ауданында 7 көпфункционалды хоккей корты пайдалануға берілген. Алдағы күні аталмыш спорттық нысандардың бірінде шайбалы хоккейдің ақтық ойындары өтеді деп жоспарланған. Ал шорт-трек жарысы жекеменшік “Мерседес” хоккей кортында бастау алмақ.
Негізі қысқы ауылдық спорт мерекесі барысында спортшылар президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, шайбалы хоккей, футзал және шорт-трек бойынша сынға түседі. Үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында бастау алған сайысқа облыс бойынша 1500-ден астам спортшы қатысуда.
Биатлон, шайбалы хоккей, президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру сайыстары алдын ала Петропавл қаласы мен өзге аудандардың спорт алаңдарында өткен болатын. Атап айтқанда, Мамлют ауданында президенттік көпсайыстан жекелей және жалпыкомандалық есепте облыс біріншілігі өз мәресіне жетті. Додаға өңіріміздің 13 ауданының спортшылары қатысып, мықтыны анықтады. Нәтижесінде, қарсы келгенді шыдатпаған М.Жұмабаев ауданы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болса, Мамлют пен Тайынша аудандарының құрама командалары сәйкесінше екінші және үшінші орынға табан тіреді. Жекелей сында ерлер арасында Рустем Нәбиулин (Мамлют ауд.), Андрей Крайс (Жамбыл ауд.), Александр Захаров (Қызылжар ауд.), Алексей Кениг пен Юрий Шумаков (Ғ.Мүсірепов атындағы ауд.), Василий Подмогильный (М.Жұмабаев ауд.) және Юрий Долгошов (Аққайың ауд.) жеңімпаз атанды.
Нәзік жандар арасында Юлия Тюрина мен Ольга Вернер (М.Жұмабаев ауд.), Олеся Овсянкина (Мамлют ауд.), Елена Деева (Ғ.Мүсірепов атындағы ауд.), Ольга Гаврилова мен Гүлнәр Әбілқайырова (Шал ақын ауд.) және Лидия Остапенко (Есіл ауд.) жеңістің бірінші сатысына көтерілді.
Сайыстың келесі кезеңінде өңір спортшылары конькимен жүгіруден және биатлоннан облыстық біріншілікте сынға түсті. Облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында ұйымдастырылған додада шалақындық конькишілер топ жарды. Екінші орын аққайыңдықтарға бұйырса, М.Жұмабаев ауданының өкілдері үшінші орынға лайық деп танылды. Спорттық шараның жекелей сынындағы жеңімпаздарға келер болсақ, 500 және 1000 метр қашықтықта сайысқа түскен қыздар арасында Шал ақын ауданының намысын қорғаған Мәдина Әлбергенова мен Елена Прокуратова алдыңғы қатардан көрінсе, ерлер арасында 500 метрде М. Жұмабаев ауданының тұрғыны Валерий Колесник, 1000 метрде мамлюттік Федор Андреев үздік атанды. Бұл сында да Шал ақын спортшылары жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.
Дәл осы уақытта Борки кентінде өтіп жатқан биатлон жарысында Мамлют ауданы өкілдерінің мерейі үстем болды. Тартысқа толы кездесулердің қорытындысы бойынша аққайыңдықтар екінші болса, М.Жұмабаев ауданының өкілдері үшінші орынға табан тіреді. Жекелей кезеңде ерлер мен әйелдер арасында өткен 10 және 7,5 шақырымдық спринтерлік сайыста мамлюттіктер – Сергей Щербаков пен Инеш Жамұқова алдына жан салмады.
Қысқы ауылдық ойындар мерекесінің аясында допты хоккейден де жарыс өтті. Оған 13 ауданның хоккейшілері қатысты. Төрт күнге созылған доданың қорытындысы бойынша Қызылжар ауданы жалпыкомандалық есепте жеңіске жетсе, тайыншалықтар мен аққайыңдықтар жүлдегер атанды.
Соңғы сайыстар Тайынша, Есіл және Жамбыл аудандарының спорттық алаңдарында өтті. Футзал мен хоккейден үздіктерді анықтаған жарыста Мамлют, Айыртау, Қызылжар, М.Жұмабаев, Жамбыл және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандар жеңімпаз атанып, ақтық сынға жолдама алды.
Әзірге жалпыкомандалық есепте 108,7 ұпайы бар М.Жұмабаев ауданы көш басында келеді. Турнир кестесінің екінші орны 103,7 ұпайы бар Қызылжар ауданының еншісінде. Ал 99,7 ұпайға қол жеткізген мамлюттіктер үшінші орында.
Дәстүрлі “Солтүстік – 2015” қысқы ауыл спорты мерекесінің ақтық кезеңі ақпанның 27-сі күні Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында өтеді. Оған жалпы 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Ал бәсекелі доданың жеңімпаздары наурыздың 1-і күні белгілі болады.
Анна ПЕНЬКОВА,
облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.