«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА — ЖАҢА МІНДЕТТЕР

Облыстық полиция департаментінде өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылаған жедел кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев пен облыс прокурорының міндетін атқарушы Біржан Мажреновтің қатысуымен өткен кеңес барысында “Есірткісіз болашақ” жылы аясындағы жұмыс қорытындыланып, Мамлют, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімдері марапатталса, Петропавл қалалық полиция басқармасының ардагерлер кеңесі үздік ардагерлер ұйымы деп танылды.

Облыстық полиция департаментінің басшылығы өткен жылы атқарылған жұмысты баяндады. Өңірімізде 6381 қылмыс тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмен. Атап айтқанда, адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, тонау, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы азайған.
Кеңес барысында отбасында жасалатын қылмыстардың алдын алуға баса назар аударылды. Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 1921 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 442-сі қамауға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 29 құрбаны арнайы орынға орналастырылды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар полицейлердің ерекше бақылауында. Өткен жылы түрлі қылмыс жасаған 41 адам түзеу мекемелеріне қайтарылды.
Жедел қызметтердің жетекшісі, полиция полковнигі Руслан Назаров халық арасында алдын алу жұмысының жүргізілгеніне қарамастан, алаяқтықтың саны артқанын тілге тиек етті. Бұл қылмыс түрінің басым бөлігі ғаламтор арқылы жасалып, 230 факті тіркелген. Аталған құқық бұзушылықтарға жасалған талдау барысында алаяқтардың арбауына ғаламтор желісін белсенді пайдаланатын 18-35 жас аралығындағылар түседі екен. Өткен жылы алдау жолымен 74 солтүстікқазақстандыққа шағын несие ресімделіп, жарнама сайтында құқық бұзушылықтың 61 фактісі жасалған.

 

Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp