
Елімізде қаңтар-ақпан айларында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі игі дәстүрге айналған. Бұл Қазақстанда демократиялық қоғам құрудың, жергілікті билік пен жұртшылық арасында ашық диалог жүргізу арқылы қордаланған мәселелерді шешудің тиімді жолы болып табылады. Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайында былтыр атқарылған жұмыстар туралы облыс тұрғындары алдында есеп беріп, Президент Жолдауында, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламаларда айқындалған міндеттемелерді орындау бағытында биыл жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті. Өңір басшысының есепті кездесуі жергілікті телеарналарда және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің www.sko.gov.kz ресми интернет-ресурсында тікелей эфирде көрсетілді.
– Өткен жыл өзінің айшықты оқиғаларымен Тәуелсіз еліміздің тарихына енді. Бүкілхалықтық сайлау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Ол Тұңғыш Президенттің қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін саяси бағытын жалғастыруда. Бұл Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында ең маңызды міндеттер болып саналады, – деген Құмар Іргебайұлы жиналғандар алдында өңіріміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталып, солтүстікқазақстандықтардың қол жеткізген табыстарын айтып шықты.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өңірімізде қордаланған мәселелерді шешуге 92 млрд. теңге жұмсалса, оның 47 млрд. теңгесі жеке инвестиция ретінде тартылды. Облысымыздың бюджетінде де оң үрдіс қалыптасты, соңғы үш жыл ішінде ол 1,6 есе өсті. 2020 жылы облыс бюджетінің 55 пайызы өңіріміздегі әлеуметтік сала мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталды. Елбасының тапсырмасымен облысымызда 2018-2019 жылдары тұрғындар үшін коммуналдық тарифті төмендету бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде тұтынушылар бір млрд. теңгеден астам қаржысын үнемдеді. Биыл тұрғындар үшін тарифтер бұрынғы деңгейде қалды.
Экономиканың барлық салаларында оң үрдіс қалыптасты. Мәселен, өнеркәсіпте, құрылыста, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде, ауыл шаруашылығында, инвестиция тартуда 2-15 пайыз аралығында өсім байқалды. Есепті кезеңде облысымызда орташа айлық жалақы мөлшері 17,7 пайызға өсіп, 129 734 теңгеге жетті.
Біздің облыс Қазақстанның астықты өңірі болып саналады. Былтыр облыс диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 5 млн. тоннадан астам астық жинады. Соңғы төрт жыл ішінде бұл саланың жалпы өнім өндіру көлемі 1,5 есе өсті. Мұндай жетістікке егістік алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жаңа аграрлық және цифрлық технологияларды пайдалануы, машина-трактор паркін жаңарту есебінен қол жеткізілді. Өткен жылы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 26,5 пайызға өсіп, 107 млрд. теңгеге жетті. Бұл республикамызда тартылған барлық инвестиция көлемінің төрттен бірі, біз бұрынғысынша көш басындамыз. Бір жыл ішінде 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы егістікке 120 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді, ал көрші Ақмола мен Қостанай облыстарында бұл көрсеткіш үш есе төмен.
Ауыл шаруашылығындағы жұмыстың тиімділігі агроөнімдерді өңдеуге байланысты болмақ. Елбасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын өнім шығару міндетін қойған болатын. Былтыр бидайдың 20 пайызы, сүттің 47 пайызы, майлы дақылдар мен еттің 15 пайызы өңделді. Бұл өнімдердің 34 пайызы басқа елдерге экспортқа шығарылды. Бүгіндері өңірімізде аграрлық экономикадан аграрлық-индустриялық экономикаға көшу міндеті қойылған. Биыл 226 млрд. теңгенің 34 инвестициялық жобасына мониторинг жүргізілуде. Құрамажем шығаратын, құны 4,2 млрд. теңге болатын “Kazmeal” ЖШС-і алғашқы 1000 тонна өнімін шығарды, жуырда оны Қытайға жөнелтпек. “EMC-Agrо” ет комбинаты 1800 тонна өнімін саудаға шығарды. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “Киров атындағы зауыт” аукционерлік қоғамдарында жүргізілген техникалық жаңғырту өз нәтижелерін беруде. Оларда изотермикалық вагон, компьютерлік техника шығару жолға қойылуда.
– Мен былтыр тұрғындар алдында есепті кездесу барысында бидайды терең өңдеу арқылы биоэтанол өндіретін “BioOperations” ЖШС-нің іске қосылатынын айтқан едім. Алайда, Еуропадан қондырғылардың уақтылы жеткізілмеуіне байланысты ол 2020 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Бұл жобаға 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, 92 жұмыс орны ашылмақ. Түрік инвесторлары бос тұрған ғимаратты сатып алып, биылғы қыркүйек айында фанера шығаратын зауытты іске қоспақ. Оның өнімдері Еуропа елдері мен Қытайға экспортқа шығарылатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Биыл облысымызда қуаты 50 МВт болатын 25 жел генераторын орнату бойынша жұмыс қолға алынбақ. Орта Азияда ең ірі болып саналатын “Сырымбет” қалайы кен орнында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған су құбыры тартылды, қуаты 50 МВА электр станциясы салынды, биыл темір жол іске қосылады, сөйтіп инженерлік желілер толық аяқталады. Инвесторлар тау-кен металлургия комбинатының жобасын жасауда, оның құрылысы күзде басталмақ. Былтыр ашылған “QYZYLJAR” арнайы экономикалық аймағы да өңірімізде өнеркәсіп саласын дамытуға және инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік беретін болады.
Шағын және орта бизнес тұрғындардың табыс көзінің драйвері болып саналады. Өңір басшысы бұл саладағы бірқатар жетістіктерді тілге тиек етті. Өңіріміздің 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінде 107 мың адам жұмыс істейді. Олар жергілікті бюджетке барлық салықтың 56,4 пайызын төлейді. Есепті кезең ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне 47,4 млрд. теңгенің қолдауы көрсетілді. Былтыр несиелер мен гранттарды қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 7,7 млрд. теңгеге жетті. Бір жылда 3345 бизнес субъектісіне қаржылық көмек көрсетілді, олардың 82,2 пайызы – ауылда тұратын кәсіпкерлер. Соның нәтижесінде олар бір мыңнан астам ауылдастарына жұмыс тауып берді. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жас кәсіпкер Дю Денис компьютерлік және тұрмыстық техниканы жөндейтін сервистік орталық ашты, оның қызметіне сұраныс жоғары. Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында Батырлан Шәкішев 5-18 жастағы балаларға арналған “әл-Фараби” білім кешенін ашқан. Мағжан Жұмабаев ауданында кәсіпкерлікпен айналысатын Төлетаевтар отбасы былтыр 8 мың құс өсіріп, сатты. Мұндай мысалдар өңірімізде жетерлік.
Облыс әкімі тұрғындарды автомобиль жолдарын жөндеу, сапалы ауызсумен жабдықтау мәселесіне ерекше тоқталды. Былтыр 95 мыңға жуық адам тұратын 133 елді мекен арасындағы 676 шақырым жол жөнделген. Бұл саланы қаржыландыру 2017 жылмен салыстырғанда 29 пайызға өскен. Биыл 150 елді мекен арасындағы 700 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Тұңғыш рет 2,5 млрд. теңгеге 27 ауылдың ішкі жолдары жөнделмек.
Соңғы екі жыл ішінде 50,6 мың адам тұратын 72 ауылға 409 шақырым су құбыры тартылған. Олар көбінесе ауылдың шетіне дейін ғана жеткізіледі. Құмар Іргебайұлы оның жеткіліксіз екендігін атап көрсетті. Су құбыры ауылдың ішіне өткізіліп, колонкалар орнатылып, тіпті, әр үйге тартылуы тиіс. Бүгіндері 58 мың адам тұратын 19,5 мың үйге су тартылған. Бұл ауылдардағы барлық үйлердің 26 пайызы ғана.
Өңір басшысы есепті баяндамасында облыс тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыспен қамту, орташа айлық еңбекақы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Өңірімізде білім ордаларын педагог кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тапты. Екі жыл ішінде 1272 мұғалім жұмысқа қабылданды. Оған педагог кадрлардың жалақысының өсуі, оларға қолайлы жағдай жасау әсер етті. Былтыр 142 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл – елімізде жөнделген білім ордаларының 40 пайызы. Өткен жылы “Береке” шағынауданында 600 орындық мектеп салынса, үш білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру соңғы үш жылда 60 пайызға өсті. Бұл қаржы жоғары технологиялық қондырғыларды сатып алуға, ауылдардағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, медициналық кадрларды жұмысқа тартуға және басқа да мәселелерді шешуге бағытталады. Барлық халықаралық сапа стандартына сәйкес келетін облыстық көпбейінді аурухананың құрылысын түрік компаниясы жүргізіп жатыр.
– Үстіміздегі жылы айтулы тарихи оқиғалар мен мерейтойлар аталып өтіледі. Шығыстың кемеңгер ойшылы әл-Фарабидің – 1150, Алтын орданың – 750, қазақтың ұлы ақыны Абайдың – 175, жерлесіміз академик-жазушы Сәбит Мұқановтың – 120, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы өңіріміздегі жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу бағытында өткізілуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Құмар Іргебайұлы облыс орталығының дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталып өтті. Соңғы бес жыл ішінде қала бюджеті екі есеге өскен. Былтыр Петропавл қаласында 1769 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үй, бірнеше жаңа нысан салынған. Биыл 2758 отбасы жаңа пәтердің кілтін алатын болады. Петропавл темір жол вокзалы жаңғыртылуда, әскери институттың, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқу корпустары салынады. Соңғы үш жыл ішінде қалада 724, биыл тағы 291 ескі үй сүріліп, олардың орнына жаңа шағынаудандар пайда болуда. Бір сөзбен айтқанда, қаламыз осызаманғы шаһарға айналуда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындар алдындағы есепті баяндамасын аяқтаған соң ең алдымен СаІІ-орталық, әлеуметтік желілері арқылы түскен сұрақтарға жауап берді. Қала тұрғыны Ерболат Есенғалиев облыс орталығын газдандыру мәселесін көтеріпті. “Сарыарқа” газ құбырын салудың үшінші кезеңі 2025-2026 жылдары аяқталып, Петропавлға көгілдір отын жеткізілетін болады. Бұл мәселе Үкіметте қаралып жатыр. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аққайың ауылдық округінің тұрғыны Вадим Штанин жерлестерінің аманатын ортаға салды. Биыл Октябрь – Конюхово, Октябрь – Гаврино жолдары жөнделіп, су бөлу желілері қалпына келтіріледі, көшені жарықтандыруға ақша бөлінген. Облыс орталығының тұрғыны Петропавл қаласында футзал клубын құру қажеттігін өңір басшысына жеткізді. Жыл сайын футзалдан қала біріншілігі өткізіліп, оған 40-тан астам команда қатысады. Ол облыстық “Солтүстік” спорт мерекесінің бағдарламасына енгізілген. 2020 жылғы тамыз айында футзалдан Қазақстан біріншілігі басталады. Қазір Петропавлда тек жергілікті жігіттер ойнайтын футзал клубын құру мәселесі пысықталуда. Копай шағынауданы тұрғындарының өкілі өздерінің көптен бері шешілмей келе жатқан мәселесін көтерді. 2021-2022 жылдары мұндағы ескі үйлердің орнына жаңа құрылыстар бой көтермек.
Содан кейін залда орнатылған микрофон арқылы есепті кездесуге қатысушылар өз сауалдарын қойды. Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылының тұрғыны Елена Семигулина Петропавл қаласындағы көпірдегі бұрылыстан басталатын тас жолдың тозығы жеткеніне шағымданды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 75 миллион теңге бөлініп, биыл жол жөндеуден өткізілмек. Есіл ауданындағы Заградовка орта мектебін күрделі жөндеу қажеттігін кездесуге келген Анастасия Корсак жеткізді. Аудан әкімі Алтынбек Абдоллаев бұл мақсатқа 78,2 млн. теңге қарастырылғанын және биыл мектептің жөнделетінін айтты. Бескөл ауылының тұрғыны Өзбек Тастамбеков Киров көшесіне салған үйіне электр жарығын өткізе алмай жүргенін, интернет желісінің жоқтығын айтты. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Өмірбай Омаров мәселенің биыл шешілетініне уәде берді. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Павел Афанасьев сенімді басқаруға берілген үш балабақшаның дау-дамайы шешіліп, олардың мемлекет меншігіне қайтарылғаны үшін өңір басшысына алғысын білдірді. Алайда, облыс орталығындағы білім беру саласында әлі түйткілді мәселелердің аз емес екендігін ашып айтты.
Барлығы жиырма шақты тұрғын әлеуметтік-медициналық сақтандыру, білім беру, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды, су құбырларын жөндеу, жолаушылар тасымалы сияқты сан алуан мәселелерді көтерді. Олардың барлығына облыс әкімі атқарушы органдарының өкілдерін қатыстыра отырып, нақты жауап берді.
Өңір басшысы екі сағаттан астам уақытқа созылған тұрғындар алдындағы есепті кездесуін қорытындылай келіп, алдағы биік белестерді бағындыру үшін солтүстікқазақстандықтарды бірлесе еңбек етуге шақырды. Сұрақ қойып үлгермеген кездесуге қатысушы адамдарды алқалы жиыннан кейін жеке қабылдап, әрқайсысының мәселесіне қатысты жауап берді, көтерілген мәселелерді шешуді тиісті органдарға тапсырды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.