«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР АУҚЫМДЫ оны орындауға мүмкіндіктер жеткілікті

Елімізде қаңтар-ақпан айларында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі игі дәстүрге айналған. Бұл Қазақстанда демократиялық қоғам құрудың, жергілікті билік пен жұртшылық арасында ашық диалог жүргізу арқылы қордаланған мәселелерді шешудің тиімді жолы болып табылады. Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайында былтыр атқарылған жұмыстар туралы облыс тұрғындары алдында есеп беріп, Президент Жолдауында, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламаларда айқындалған міндеттемелерді орындау бағытында биыл жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті. Өңір басшысының есепті кездесуі жергілікті телеарналарда және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің www.sko.gov.kz ресми интернет-ресурсында тікелей эфирде көрсетілді.

– Өткен жыл өзінің айшықты оқи­ғаларымен Тәуелсіз еліміздің тарихына енді. Бүкіл­ха­лықтық сайлау барысында­ Қа­сым-Жомарт Тоқаев Мемлекет бас­шысы болып сайланды.­ Ол Тұң­ғыш Президенттің ­қазақстан­дықтардың әл-ауқатын жақ­сар­туды көздейтін саяси бағытын ­жал­­ғастыруда. Бұл Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында ең маңызды мін­деттер болып саналады, – деген Құмар Іргебайұлы жиналғандар алдында өңіріміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық да­муына кеңінен тоқталып, солтүстікқазақстандықтардың қол жет­кізген табыстарын айтып шықты.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-эконо­микалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде оң көр­сеткіштерге қол жеткізілді. Өңірі­мізде қордаланған мәсе­ле­ле­рді шешуге 92 млрд. теңге ­жұмсалса, оның 47 млрд. теңгесі жеке ин­вестиция ре­тінде тар­тылды. Об­лы­сы­мыздың б­юдже­тін­де де оң үрдіс қалыптасты, соңғы үш жыл ішінде ол 1,6 есе өсті. 2020 жылы облыс бюджетінің 55 пайызы өңі­ріміздегі әлеуметтік сала мәселе­ле­рін оңтайлы шешуге бағыттал­ды. Елбасының тапсырмасымен облысымызда 2018-2019 жылда­ры тұрғындар үшін коммуналдық тарифті төмен­дету бағытында жос­парлы жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде тұтынушылар бір млрд. теңгеден астам қаржы­сын үнем­деді. Биыл тұрғындар үшін т­ари­ф­тер бұрынғы деңгейде қалды.
Экономиканың барлық салала­рында оң үрдіс қалыптасты. Мәсе­лен, өнеркәсіпте, құрылыста, тұр­ғын үйлерді пайдалануға беруде, ауыл шаруашылығында, и­нвести­ция тартуда 2-15 пайыз аралы­ғын­да өсім байқалды. Есепті ке­зеңде облысымызда орташа ай­лық жалақы мөлшері 17,7 пайызға өсіп, 129 734 теңгеге жетті.
Біздің облыс Қазақстанның ас­тықты өңірі болып саналады. ­Был­­­­тыр облыс диқандары ауа­ райының ­қолайсыздығына қара­мастан, 5 млн. тоннадан астам ас­тық жинады. Соңғы төрт жыл ­ішін­де бұл саланың жалпы өнім­ өнді­ру көлемі 1,5 есе өсті. Мұндай же­тістікке егістік алқаптарын әрта­рап­тандыру, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жаңа аграрлық және цифрлық технологияларды пайдалануы, машина-трактор пар­кін жаңарту есебінен қол жеткізіл­ді. Өткен жылы ауыл шаруашы­лы­ғына тартылған инвестиция кө­ле­мі 26,5 пайызға өсіп, 107 млрд. теңгеге жетті. Бұл республика­мызда тартылған барлық инвести­ция көлемінің төрттен бірі, біз бұ­рынғысынша көш басындамыз. Бір жыл ішінде 4,5 мың жаңа жұ­мыс орны ашылды. Өткен жылы егістікке 120 мың тонна мине­рал­ды тыңайтқыш сіңірілді, ал көрші Ақ­мола мен Қостанай облыста­рында бұл көрсеткіш үш есе төмен.
Ауыл шаруашылығындағы жұ­мыстың тиімділігі агроөнімдерді өңдеуге байланысты болмақ. Ел­ба­сы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын өнім шығару мін­детін қойған болатын. Былтыр би­дайдың 20 пайызы, сүттің 47 па­йы­зы, майлы дақылдар мен еттің 15 пайызы өңделді. Бұл өнімдер­дің 34 пайызы басқа елдерге экс­портқа шығарылды. Бүгіндері өңі­рімізде аграрлық экономикадан аграрлық-индустриялық экономи­каға көшу міндеті қойылған. Биыл 226 млрд. теңгенің 34 инвестиция­лық жобасына мониторинг жүргізі­луде. Құрамажем шығаратын, құ­ны 4,2 млрд. теңге болатын “Kaz­meal” ЖШС-і алғашқы 1000 тонна өнімін шығарды, жуырда оны Қы­тайға жөнелтпек. “EMC-Agrо” ет комбинаты 1800 тонна өнімін сау­даға шығарды. “Петропавл ауыр ма­шина жасау зауыты” мен “Ки­ров атындағы зауыт” аукционер­лік қоғамдарында жүргізілген тех­никалық жаңғырту өз нәтижелерін беруде. Оларда изотермикалық вагон, компьютерлік техника шы­ғару жолға қойылуда.
– Мен былтыр тұрғындар ал­дын­да есепті кездесу барысында бидайды терең өңдеу арқылы биоэтанол өндіретін “BioOpera­tions” ЖШС-нің іске қосылатынын айтқан едім. Алайда, Еуропадан қон­дырғылардың уақтылы жеткі­зілмеуіне байланысты ол 2020 жыл­дың екінші тоқсанында пай­да­лануға берілмек. Бұл жобаға 4,3 млрд. теңге инвестиция тарты­лып, 92 жұмыс орны ашылмақ. Тү­рік инвесторлары бос тұрған ғи­маратты сатып алып, биылғы қыр­күйек айында фанера шығаратын зауытты іске қоспақ. Оның өнім­дері Еуропа елдері мен Қытайға экспортқа шығарылатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Биыл облысымызда қуаты 50 МВт болатын 25 жел генераторын орнату бойынша жұмыс қолға алын­бақ. Орта Азияда ең ірі бо­лып саналатын “Сырымбет” қа­лайы кен орнында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған су құбыры тартылды, қуаты 50 МВА электр стан­циясы салынды, биыл темір жол іске қосылады, сөйтіп инженерлік же­лі­лер толық аяқталады. Инвес­тор­лар тау-кен металлургия ком­би­натының жобасын жасауда, оның құрылысы күзде басталмақ. Былтыр ашылған “QYZYLJAR” ар­найы экономикалық аймағы да өңі­рімізде өнеркәсіп саласын да­мы­ту­ға және инвестиция тартуға қо­сымша мүмкіндік беретін болады.
Шағын және орта бизнес тұр­ғын­дардың табыс көзінің драйвері болып саналады. Өңір басшысы бұл саладағы бірқатар жетістік­тер­ді тілге тиек етті. Өңіріміздің 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъек­тілерінде 107 мың адам жұмыс істейді. Олар жергілікті бюджетке барлық салықтың 56,4 пайызын төлейді. Есепті кезең ішінде ша­ғын және орта бизнес субъектіле­рі­не 47,4 млрд. теңгенің қолдауы көрсетілді. Былтыр несиелер мен гранттарды қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 7,7 млрд. теңгеге жетті. Бір жылда 3345 бизнес субъектісіне қаржылық көмек көрсетілді, олардың 82,2 пайызы – ауылда тұратын кәсіпкерлер. Со­ның нәтижесінде олар бір мыңнан астам ауылдастарына жұмыс та­уып берді. Мәселен, Ғабит Мүсі­ре­пов атындағы ауданда жас кә­сіп­кер Дю Денис компьютерлік және тұрмыстық техниканы жөн­дейтін сервистік орталық ашты, оның қызметіне сұраныс жоғары. Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында Батырлан Шәкішев 5-18 жастағы балаларға арналған “әл-Фараби” білім кешенін ашқан. Мағжан Жұмабаев ауданында кәсіпкерлікпен айналысатын Тө­ле­таев­тар отбасы былтыр 8 мың құс өсіріп, сатты. Мұндай мысал­дар өңірімізде жетерлік.
Облыс әкімі тұрғындарды ав­то­мобиль жолдарын жөндеу, са­па­лы ауызсумен жабдықтау мә­се­лесіне ерекше тоқталды. Был­тыр 95 мыңға жуық адам тұратын 133 елді мекен арасындағы 676 ша­қырым жол жөнделген. Бұл са­ла­ны қаржыландыру 2017 жыл­мен салыстырғанда 29 пайызға өскен. Биыл 150 елді мекен ара­сындағы 700 шақырым жолға жөн­деу жұмыстарын жүргізу көздел­ген. Тұңғыш рет 2,5 млрд. теңгеге 27 ауылдың ішкі жолдары жөндел­мек.
Соңғы екі жыл ішінде 50,6 мың адам тұратын 72 ауылға 409 ша­қырым су құбыры тартылған. Олар көбінесе ауылдың шетіне дейін ғана жеткізіледі. Құмар Ірге­байұлы оның жеткіліксіз екендігін атап көрсетті. Су құбыры ауылдың ішіне өткізіліп, колонкалар орнатылып, тіпті, әр үйге тартылуы тиіс. Бүгін­дері 58 мың адам тұратын 19,5 мың үйге су тартылған. Бұл ауылдардағы барлық үйлердің 26 пайызы ғана.
Өңір басшысы есепті баяндамасында облыс тұрғын­да­рына әлеуметтік қолдау көрсе­ту, жұмыспен қамту, орташа ай­лық еңбекақы, білім беру, ден­сау­лық сақтау, мәдениет, спорт мәсе­лелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Өңірімізде білім ордаларын педагог кадрларымен қамтама­сыз ету мәселесі өз шешімін тап­ты. Екі жыл ішінде 1272 мұғалім жұ­мысқа қабылданды. Оған педа­гог кадрлардың жалақысының өсуі, оларға қолайлы жағдай жа­сау әсер етті. Былтыр 142 мек­тепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл – елімізде жөнделген білім ордаларының 40 пайызы. Өткен жылы “Береке” шағынауданында 600 орындық мектеп салынса, үш білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау ұйым­дарын қаржыландыру соңғы үш жылда 60 пайызға өсті. Бұл қаржы жо­ғары технологиялық қондырғы­ларды сатып алуға, ауылдардағы емдеу мекемелерінің материал­дық-техникалық базасын нығай­ту­ға, медициналық кадрларды жұ­мысқа тартуға және басқа да мә­се­лелерді шешуге бағытталады. Барлық халықаралық сапа стан­дартына сәйкес келетін облыстық көп­бейінді аурухананың құрылы­сын түрік компаниясы жүргізіп жатыр.
– Үстіміздегі жылы айтулы та­ри­хи оқиғалар мен мерейтойлар аталып өтіледі. Шығыстың кемеңгер ойшы­лы әл-Фарабидің – 1150, Алтын орданың – 750, қазақтың ұлы ақыны Абайдың – 175, жерлесіміз академик-жазушы Сәбит Мұқа­нов­тың – 120, Ұлы Жеңістің 75 жыл­дығы өңіріміздегі жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу бағытында өткізілуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Құмар Іргебайұлы облыс орта­лығының дамуы бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстарға кеңі­рек тоқталып өтті. Соңғы бес жыл ішінде қала бюджеті екі есеге өс­кен. Былтыр Петропавл қаласын­да 1769 пәтерлік 15 көпқабатты тұр­ғын үй, бірнеше жаңа нысан са­лынған. Биыл 2758 отбасы жаңа пәтердің кілтін алатын болады. Пет­ропавл темір жол вокзалы жаңғыртылуда, әскери институт­тың, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқу корпустары салынады. Соң­ғы үш жыл ішінде қалада 724, биыл тағы 291 ескі үй сүріліп, олар­дың орнына жаңа шағынау­дандар пайда болуда. Бір сөзбен айтқанда, қаламыз осызаманғы шаһарға айналуда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындар алдындағы есепті баян­дамасын аяқтаған соң ең ал­дымен СаІІ-орталық, әлеуметтік желілері арқылы түскен сұрақтар­ға жауап берді. Қала тұрғыны Ер­болат Есенғалиев облыс орталы­ғын газдандыру мәселесін көте­ріп­ті. “Сарыарқа” газ құбырын са­лудың үшінші кезеңі 2025-2026 жылдары аяқталып, Петропавлға көгілдір отын жеткізілетін болады. Бұл мәселе Үкіметте қаралып жа­тыр. Мағжан Жұмабаев ауданын­дағы Аққайың ауылдық округінің тұр­ғыны Вадим Штанин жерлес­те­рі­нің аманатын ортаға салды. Биыл Октябрь – Конюхово, Октя­брь – Гаврино жолдары жөнделіп, су бөлу желілері қалпына кел­ті­ріледі, көшені жарықтандыруға ақ­ша бөлінген. Облыс орталығының тұрғыны Петропавл қаласында фут­зал клубын құру қажеттігін өңір басшысына жеткізді. Жыл са­йын футзалдан қала біріншілігі өт­кі­зіліп, оған 40-тан астам команда қатысады. Ол облыстық “Солтүс­тік” спорт мерекесінің бағдарла­ма­сы­на енгізілген. 2020 жылғы тамыз айында футзалдан Қазақ­стан біріншілігі басталады. Қазір Петропавлда тек жергілікті жігіт­тер ойнайтын футзал клубын құру мәселесі пысықталуда. Копай ша­ғынауданы тұрғындарының өкі­лі өздерінің көптен бері шешілмей келе жатқан мәселесін көтерді. 2021-2022 жылдары мұндағы ескі үйлердің орнына жаңа құрылыстар бой көтермек.

Содан кейін залда орнатылған микрофон арқылы есепті кез­десуге қатысушылар өз сауалда­рын қойды. Қызылжар ауданын­дағы Тепличное ауылының тұрғы­ны Елена Семигулина Петропавл қаласындағы көпірдегі бұрылыс­тан басталатын тас жолдың тозы­ғы жеткеніне шағымданды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 75 миллион теңге бөлініп, биыл жол жөндеуден өткізілмек. Есіл ауда­нындағы Заградовка орта мекте­бін күрделі жөндеу қажеттігін кез­десуге келген Анастасия Корсак жеткізді. Аудан әкімі Алтынбек Аб­доллаев бұл мақсатқа 78,2 млн. теңге қарастырылғанын және биыл мектептің жөнделетінін айт­ты. Бескөл ауылының тұрғыны Өз­бек Тастамбеков Киров көшесіне салған үйіне электр жарығын өт­кізе алмай жүргенін, интернет же­лісінің жоқтығын айтты. Қы­зыл­жар ауданы әкімінің орынба­сары Өмірбай Омаров мәселенің биыл шешілетініне уәде берді. Пет­ропавл қалалық мәслихаты­ның депутаты Павел Афанасьев сенімді басқаруға берілген үш ба­лабақшаның дау-дамайы шеші­ліп, олардың мемлекет меншігіне қайтарылғаны үшін өңір басшы­сы­на алғысын білдірді. Алайда, об­лыс орталығындағы білім беру са­ла­сында әлі түйткілді мәселе­лер­дің аз емес екендігін ашып айтты.
Барлығы жиырма шақты тұрғын әлеу­меттік-медициналық сақтандыру, білім беру, ел­ді мекендерді абаттандыру, жол­дарды, су құбырларын жөндеу, жолаушылар тасымалы сияқты сан алуан мәселелерді көтерді. Олардың барлығына облыс әкімі ат­қарушы органдарының өкілде­рін қатыстыра отырып, нақты жа­уап берді.
Өңір басшысы екі сағаттан астам уақытқа созылған тұрғын­дар алдындағы есепті кездесуін қорытындылай келіп, алдағы биік белестерді бағындыру үшін солтүстікқазақстандықтарды бір­лесе еңбек етуге шақырды. Сұрақ қойып үлгермеген кездесуге қаты­сушы адамдарды алқалы жиын­нан кейін жеке қабылдап, әрқайсысының мәселесіне қатысты жауап берді, көтерілген мәселелерді шешуді тиісті органдарға тапсырды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp