Биыл бір ғасырдың белесіне көтеріліп отырған “Soltústik Qazaqstan” газетінің соңғы нөмірлерінің бірінде жазушы, елімізге белгілі журналист, қоғам қайраткері, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменовтің “Аспаннан шелпек жаумайды” деген тақырыппен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселені қозғаған мақаласы жарық көрді. Қазіргідей қиын күндерді бастан өткеріп жатқан еліміздің ертеңіне алаңдаған азаматтың сөзінің бәрі шындық. Бүгінгі жағдайға мен де қатты алаңдаймын. Көп адамдар жеңіл жолмен байығысы келеді, адамгершіліктен аттап өтіп, қалтасын қампайтуды мақсат тұтатындардың көбейгеніне етіміз әбден үйренді. Масылдық пиғылға бой алдырғандардың қатары күннен-күнге қалыңдап келе жатқаны еріксіз жүрекке қорқыныш ұялатады.
Көпшілік әлі ұмыта қоймаған шығар, жақында әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазып, республикалық телеарналардан көрсетілген мына бір оқиға бәрімізді де ойландыруы тиіс. Қазақстанға белгілі жас әнші Ернар Айдар өз тыңдармандарының арасында лотерея ойнатып, қаншама адамды сан соқтырды. Бірнеше қымбат көлік және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан зәулім пәтерлер ұтысқа тігіледі деп, жарнама арқылы жар салғандардың сөзінің бәрі жалған болып шықты. Бір қызығы, лотерея сатып алғандардың арасында жас та, жасамыс та бар екен. Осы келеңсіз оқиға біздің қоғамда диванда жатып, саусағын да қимылдатпай-ақ, бақуатты өмір сүргісі келетіндердің қатары жыл санап қалыңдап жатқанын айғақтайды. Танымал адамдар арасында ұтыс өткізу бүгінгі күні сәнге айналған. Ал аңқау ел солардың сөзіне сеніп, қалтасындағы соңғы тиынына лотерея сатып алып жүр.
Хакім Абай еңбек етпеген, білім алмаған қазақтың соры қалың екенін айтып кетті емес пе?! Ендеше, біз қашан ұйқыдан оянамыз? Аспаннан шелпек жаумайтынын түсінетін уақыт жетті ғой. Алдыңғы толқын Тәуелсіздіктің елең-алаң шағын әлі де ұмыта қойған жоқ шығар. Жарасбай Қабдоллаұлы да өз мақаласында айтып кеткендей, алып империя – Кеңес одағы ыдырап, жұрт абдырап, кеңшарлардың тұрмысы шатқаяқтап қалған тұста біз үлкендердің жол сілтеп, жөн көрсетуімен шаруашылық құрып, иелігімізге берілген азын-аулақ жерге ескі техникалармен егін сеуіп, алға ұмтылдық. Қаншама қиындықтармен бетпе-бет келдік. Жанар-жағармай тапшы, тұқым да қат еді, соған қарамастан қолымыздағы барды ұқсатып, бүгінгі күнге жеттік. Ең бастысы, барлық қиындықты адал еңбек, маңдай термен жеңдік. Жақсы тұрмыс кешіп, жайлы өмір сүру үшін таңмен таласа тұрып, жан аямай еңбек етуің қажет. Өз балаларыма да осыны айтам. Жастардың масылдыққа бой алдыруына, ең алдымен, ата-ана кінәлі. Көзінің қарашығындай көретін ұл-қызының аузына тәтті-дәмдіні тосып жүріп, еңбекке баулуды естен шығарып алады. Нәтижесінде, өмір сүруге икемі жоқ, қолына қызмет тисе, пара алып, байығысы келетіндердің саны артуда.
Үлкен ұлым бүгінгі күні жанымда. Маған шаруашылыққа көмектесіп, бел жазбай еңбек етуде. Мен де әрбір ата-ана секілді балаларымның еш нәрседен тарықпағанын қалаймын. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін қызмет жолымен өсуіне жағдай жасап, сыртқа жіберуіме де болар еді. Бірақ көп ойланып, балаларым жақсы тұрмыс әке еңбегінің өтеуі екенін терең түсінсін деп ойладым. Сөйтіп, жаныма шақырдым. Ол қар шеті сөгілген сәттен бастап қара күзге дейін менімен бірге жүріп, еңбектенеді. Осылайша, шаңырағымызға ырыс-береке адал еңбек арқылы келетінін түсінді. Әрбір әке ұл-қыздарының “алма піс, аузыма түс” дегендердің қатарынан болмауына кішкентай күндерінен қатты мән беруі қажет.
Тағы да қазақтың данышпаны – Абайдың сөзіне жүгінейікші:
“Сенбе жұртқа, тұрса да
қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың
екі жақтап”,
– дейді. Яғни, еңбек арқылы ғана жақсылыққа қол жеткізе алатынымызды ата-бабаларымыз да дәттеп кетті. Ендеше, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, байлыққа кенелемін деу бос әурешілік.
Бір қызығы, нарық тұсында мен секілді егін егіп, мал өсіруге талпынғандарға мемлекет тарапынан көмек берілген жоқ. Сол уақытта біз де қол жаюды азаматтық намысымызға ар санадық. Ал бүгінгі күні кәсіпкерлікке бет бұрғандарға барлық мүмкіндік жасалуда. Қайтарымсыз грант, субсидия, жеңілдікпен несие беріледі. Сондықтан жерлестеріме айтарым, мемлекет асырайды деген пиғылдан арылу қажет. Жарасбай Қабдоллаұлы дұрыс айтады, әркім өз отбасы, бала-шағасы үшін жауапкершілік арқалағаны жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, алдағы уақытта экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз, тіпті, қиындай түсуі мүмкін. Өйткені, коронавирус бізді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салуда. Өзім ауыл тұрғыны болғаннан кейін көптеген келеңсіздіктерді байқап қаламын. Мысалы, күзгі жиын-терім, көктемгі егіс уақытында бізге жұмысшы күші жетпейді. Кейде малшы таба алмай қиналамыз. Ақысын жақсы төлесең де, жұмысқа мойын бұрғысы келмейтіндер аз емес. Қазір қол қусырып, үйде отыратын сәт емес.
“Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді,
Шығарамын сөзімнен”, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, еріншектік пиғылдан арылып, жұрт қатарлы жердің игілігін көріп, еңбекпен жақсы тұрмысқа қол жеткізетін уақыт келді. “Әрекетке – берекет” дегендей, жалқаулықпен дос болсақ, ертеңгі күніміз қараңғы, тас түнекке айналып, өзімізді ғана емес, ұрпағымызды да қиын жағдайға тірейтін боламыз. Ойланайық, ағайын!
Дәурен НҰРАХМЕТОВ,
“Райымбек” ЖШС-нің директоры.
Тимирязев ауданы.