Өмір көрсетіп отырғанындай, адам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда өзін ұстаудың, іс-қимылдың қарапайым ережелерін білетін болса, одан келер пайда өте зор.
Адам тек қана өрт немесе басқа төтенше жағдайлар болған кезде телефон нөмірін біліп қана қоймай, ТЖ кезінде не қолдану және қалай әрекет ету керек екенін білуі де қажет. Қысылтаяң кезеңде қорқыныш пен дүрбелеңге қарсы тұрып, батылдық, азаматтық жауапкершілік пен саналылық таныта білу үшін, өз бойларында психологиялық қабілетті дарытқандары жөн.
Азаматтық қорғаныстың басты мақсаттарының бірі – басқару құрамын дайындау және халықты оқыту болып табылады. Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері жақында Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында азаматтық қорғанысқа байланысты сабақ өткізді. Сабақ барысында департамент қызметкерлері тыңдаушыларға Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы заңнамалық актілерінің негізгі ережелері мен талаптарын түсіндірді. Эвакуациялық қабылдау комиссиясының басшыларына олардың халықты және шаруашылық нысандарын қорғауды ұйымдастыру бойынша міндеттері жеткізілді.
Эвакуациялық қабылдау пункттері басшылық құрамының білімдері мен дағдыларын жетілдіру, төтенше жағдайлар туындаған кезде ұжымдық әрекет ету тәсілдері мен әдістеріне білікті, үйлесімді және барынша тиімді оқыту үшін, аудан аумағында құрылған ауылдық округтердің бас мамандары мен эвакуациялық қабылдау қосындары басшыларымен “Эвакуациялық қабылдау қосыны жұмысын ұйымдастыру” тақырыбы бойынша сабақтар өткізілді. Оқу аяқталған соң, №1 Кішкенекөл орта мектебінің базасында эвакуацияланған халықты қарсы алу, қабылдау және орналастыру бойынша іс-әрекет көрсетілді.
Арслан ХҰСАЙЫНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің аға офицері, өртке қарсы қызмет подполковнигі.