«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтің төрағалық етуімен облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болды. Оған мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жауапты қызметкерлері, селекторлық тәртіпте аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Комиссия отырысында мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерді өрттен қорғау, табиғи өрт сөндіру, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың облыстың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдаған шаралардың орындалу барысы туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Атығаев баяндама жасап, соңғы төрт айдағы облыстағы өрт ахуалына талдау жасады. Нұрлан Бауыржанұлы облыста болған әрбір төртінші өрттің пешпен жылыту барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудан, ал 39 пайызы – отты абайсыз пайдаланудан, 20 пайызы электр жабдықтарын орнату мен техникалық пайдалану ережелерін бұзудан орын алатынын айтты. Аумақтық орган құрылымдық бөлімшесінің басшысы елді мекендердегі ерікті өрт сөндіру құрамаларын құру жақсы үрдіс екенін де назардан тыс қалдырмады.

– Бүгінгі күні осындай 2466 адамы бар 497 құрама жұмыс істейді. Оларда 157 өрт сөндіру автомобилі мен 1017 ыңғайландырылған техника бар. Бұл бекеттер өрт сөндіру барысында айтарлықтай көмек көрсетеді, – деді Нұрлан Атығаев.

Департамент бастығының орынбасары Александр Швецов соңғы жылдарда суда қаза болған адамдардың статистикасына, қызмет мамандарының үстіміздегі жылғы төтенше жағдайларға жол бермеуге арналған жұмыстарына тоқталды.

– 2013 жылы суда құтқару қызметі мамандары қала жағажайларында 111 баланы жүзуге үйретті, бұл жас солтүстікқазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықай көмегін тигізді, – деді Александр Дмитриевич.

Отырыс барысында білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының өкілдері, облыс аудандары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.

Владимир Балахонцев отырыс барысында іс-шараға қатысушылармен күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған соң облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Павел Филипповқа, барлық деңгейдегі басшыларға үстіміздегі жылғы болжанып отырған жаздың ыстық кезеңінде өрттің және судағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырма берді.

 “Қызылжар-Ақпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp