Облыс орталығындағы төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың қызметкерлері қалалық Мәдениет және демалыс саябағында алдын алу шараларын өткізді. Олар бақта шаруашылық жүргізетін кәсіпкерлермен және қызметкерлермен кездесіп, өрттер мен төтенше жағдайларды болдырмау жөнінде әңгімелесті.
Саябақ адамдар ең көп жиналатын демалыс орны екені белгілі, онда бірнеше аттракцион мен дәмхана бар. Жаз айларында оған жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары көптеп келетіндіктен, өрт қаупі туындауы мүмкін нысандардың бірі саналады.
Басқарма мамандары жыл басынан бері облыс орталығында 125 өрт болып, одан 26 млн. теңгеден астам материалдық шығын келгенін, отта 3 адам қайғылы қазаға ұшырап, 6 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алғанын айтып берді. Төтенше жағдай, негізінен, меншік иелерінің, жалға алушылардың немесе нысана қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін сақтамауынан орын алады. Өртке қарсы қызмет офицерлері өрт бола қалған жағдайда қызметкерлердің атқаруға тиіс іс-әрекеттерін түсіндірді, өртке қарсы қызмет телефондарының “101”, “112” нөмірлерін еске салды, өрт қауіпсіздігін сақтай отырып, өздеріне бекітілген учаскеде қырағылық танытуға шақырды. Сонымен бірге кездесуге қатысушыларға өртсөндіргіштерді пайдалану тәсілдері көрсетілді. Сол сияқты тыйым салынған жазуы бар маңдайшалар қойылған субұрқаққа балалардың шомылуы қауіпті екендігі де айтылды.
Дмитрий РАСТИХИН,
Петропавл қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бас маманы.