«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДЫН АЛҒАН ӨКІНБЕЙДІ

 

Қазір әлем бойынша қауіпті жағдай орын алды. Коронавирус індетін жұқтырғандар мен қайтыс болған адамдар саны күн сайын өсуде. Аурудан сақтану шаралары біздің елімізде де күшейтілді. Жалпы әр адамның көкейінде бұл індет қайдан тарады, оның емі бар ма деген сауал туындауы мүмкін.

Коронавирус ең алғаш өткен ғасырда тіркелген болатын. Медициналық деректерге сүйенсек, бастапқыда жедел респираторлық вирустық инфекциялардың қоздырғышы ретінде анықталды. Сондықтан қоршаған ортаға аса қауіп тудырған жоқ. Алайда, 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі пайда болды. Бірқатар елде өкпенің қабынуы салдарынан алты жүзден астам адам көз жұмды. 

Коронави­рустық пневмония өте күрделі әрі адам ағзасына жылдам өтеді. Бұл өз кезегінде ауруға диагноз қоюға, емдеу шараларын жүргізуге қиындық келтіреді. Коронавирус атауы латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған. Яғни, вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңге­лек­­теніп келіп шет жақтарынан жан-жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарай­тындықтан оны тәжге ұқ­сатып, коронавирус деп атап кеткен. Өкінішке қарай, бұл ауру біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ауру жұқтыру қаупі артқанын әрбір тұрғын түсінуі керек. Бұл жағдайда дүрмек туғызып, қорқынышқа жол бермегеніміз жөн. Керісінше, вирусты ауыздықтаудың ережелерін қатаң ұстанғанымыз дұрыс. Кейін бармағымызды тістеп қалмау үшін ортақ тәртіпке бағынғанда ғана бұл қиындықты жеңіп шыға аламыз.
Ғалымдардың айтуынша, вирусты жұқтырғандар уақтылы емделмесе санаулы күндер ғана өмір сүреді. Дене қызуының көтерілуі, тамақ, бас ауруы, жөтел, әлсіздік, іш өту коронавирус ауруының бастапқы белгілері. Қауіпті індетті қорғаныш қабілеті төмен адамдар мен кішкентай балалар, қарттар тез жұқтыруы мүмкін. Негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін зақым­дайды. Ауру тұмауға ұқсас. Ко­ро­навирус мутацияға өте бейім келе­ді. Инкубациялық кезеңі – 2-14 күнді құрайды. Ауруды анықтау үшін диагностика тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
Қауіпті вирус сырқат адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы тарайды. Сонымен қатар қол алысу, беттен сүю арқылы да жұғуы мүмкін. Залалды нысандарда болу да қауіп төндіреді. Сондықтан аурудың алдын алу үшін тазалық сақтау, қолды сабынмен жуу, антисептиктер мен спирт, санитайзерлерді қолдану ұсынылады. Ағзаның қорғаныш қабілетін арттыру үшін дұрыс ұйықтау мен тамақтану, спортпен шұғылдану қажет. Бөлмені желдетіп, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандырып, науқас адаммен байланысты шектеген жөн. Коронавирус тіркелген қауіпті аймақтарға сапарға шығуды, адамдар көп шоғырланатын орындарға баруды тоқтатуға кеңес береміз.
Дүниежүзін дүрліктірген қауіпті індет жайлы мәлімет аз. Қазір жұмбақ вирусты анықтау жолында сынақтар жүргізілуде. Дегенмен, дәрігерлер инфекцияға тосқауыл қоя алмауда. Сондықтан сақтық шараларын мүлтіксіз орындаудың маңызы зор екенін жіті түсінуіміз қажет. Қатерлі індеттің таралуына жол бермеу үшін біздің өңірде де санитарлық шаралар күшейтіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі қатаң қадағалауға алынды. Білім беру ұйымдарында сабақтар тоқтатылып, қоғамдық орындарға баруға шектеу қойылды. Күн сайын қоғамдық көліктер дезинфекцияланады. Ауру анықталған жағдайда, бірқатар емдеу мекемелерінде сырқаттар үшін арнайы орындар дайындалды. Бастысы, тұрғындардың денсаулығы қатаң бақылауда.

 

Ғалия СЫЗДЫҚОВА,
облыстың штаттан тыс бас инфекционист дәрігері. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp