
Байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің, тарқата түссек, қаламгерлердің, баспагерлердің, қоғамдық тілшілердің үлкен қауымының мерекесі қарсаңында облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің басшылығы ұжым ардагерлерінің басын қосып, алдыңғы толқынның естен кетпес ескі күндерді ойға алуына жақсы жағдай жасады.
Жиында басылымның бас редакторы Жарасбай Сүлейменов ардагер-тілшілерге, корректорларға, терімшілерге ғұмырының айтарлықтай қажыр-қайратқа толы жылдарын бұрынғы “Ленин туының” – бүгінгі “Солтүстік Қазақстанның” оқырмандарының жан-жүрегін баурап, көзайымына айналуына сіңірген еңбектеріне шынайы ризашылығын білдіріп, Алғыс хат тапсырды. “Орамал тон болмаса да, жолға жарайдының” жөнімен сый-сияпат жасап, газеттің 95 жылдығына орай шығарылған “Қарашаңырақ” кітабын тарту етті.
Редакция ардагерлері өздеріне көрсетілген құрмет пен жасалған қошеметке шын жүректен алғыстарын айтып, газеттің жас толқынына ақжолтай тілектерін арнады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: кездесуден көрініс.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.