«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Александр АПОКИН: “ТУҒАН ЖЕРДЕГІ БІР КҮНІМ АРТЫҚ”

– Қазақ халқында “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген жақсы нақыл бар. Оның бекерге айтылмағандығына дінім мен ділім бөлек болса да, мен де көз жеткіздім, – дейді орыс ұлтының өкілі Александр Апокин.

Бұл азаматтың аталары өңіріміздің байырғы тұрғындары болған. Александрдың да кіндік қаны теріскейде тамып, осы жерде құндақталған. Бала күнінде әке-шешесімен облыс орталығында тұрған ол 12 жасында Қызылжар ауданының Боголюбово ауылындағы нағашы әжесінің қолына барады. Мектепті сонда тамамдап, артынан сол ауылға жапсарлас орналасқан Надёжкадағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Оны электрик мамандығы бойынша тамамдап шыққан өрімдей жігіт 1981 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын Моңғолияда өтеген. Елге қайтып оралысымен бұрынғы колледжінде бір жыл оқып, тракторшы-механизатор мамандығын меңгеріп шығып, жол жөндеу кәсіпорнына механизатор болып жұмысқа орналасады. Сол жылы өзінің болашақ жары – неміс қызы Иринамен танысып, көңілдері жарасқан соң шаңырақ көтеріпті. Ирина ол кезде ауылдағы астық қабылдау қосынында кадр бөлімінің бастығы – есепші болып жұмыс істеп жүрген.

– Трактор жүргізу оңай шаруа емес. Сондықтан алғашқы мамандығымды тереңдету үшін 1985 жылы Алматы ауыл шаруашылығы техникумына электрик мамандығы бойынша қайта оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тамамдап шығып, электрик болып жұмысқа орналастым. Осы аралықта екі ұлым дүниеге келді, – дейді Александр.  

Алайда, дағдарыс жылдары халықты қыспаққа алып, елде жаппай жұмыссыздық басталған шақта еті тірі Александр мен Ирина ауылдағы қаңырап бос қалған ескі дүкеннің ғимаратын сатып алып, жеке істерін бастайды. Алғашында – дүкен, кейін істері өрге басқан шақта тіпті ауыл ішінен дәмхана мен бильярд залын ашып, алғашқы кәсіпкерлердің қатарынан көрінеді.

Өзге ұлт өкілдерінің елден үдере қоныс аударулары басталған тұста Александр да көшін Германияға бұрыпты. Себебі, онда жарының ертеректе көшіп кеткен туыстары бар екен.

– Әрі-бері ойланып, көшуге бел будым. Құжаттарымды Германияның Қазақстандағы елшілігіне өткізіп, көп ұзамай ол жақтан оң шешім келісімен 2002 жылдың тамызында отбасыммен бірге Германияға жол тарттым, – дейді Александр.

Онда Апокиндер отбасы өзге қоныс аударушылар секілді алдымен тіл үйрену үшін арнайы аймаққа орналастырылады. Үш ай бойы сонда тұрып, тіл ұстарту курстарынан өтісімен Сант Инберт қаласына қоныстаныпты.

– Қаланы аралап, үй іздеп жүргенімізде тоғанның жиегінде орналасқан екіқабатты виллаға көзіміз түсті. Жақындап барсақ, сатылады деген тақтайша ілініп, онда қожайынының байланыс телефондары көрсетіліпті. Бірден хабарласып, баспананы көріп шығысымен сатып алуға уағдаластық. Онда үй рәсімдеу біздегіден әлдеқайда жеңіл екендігін аңғардым. Банк өкілі келіп, үйді бағалап, қожайынның есепшотына бірден ақша аударылатындығын, ал ол соманы біз тек бір жыл өткен соң ғана төлей бастайтынымызды айтты. Келісімшартта көрсетілген жылдық үстемеақысы небәрі алты пайызды құрады, – дейді ол.

Жаңа жерге Апокиндер тез бейімделіп, бәрі екі қолға бір жұмыс тауып, еңбекке кірісіп кетеді. Алайда, елге деген сағыныш басым болыпты.

– Ол жақта бізді ешкім өгейсіткен жоқ, бауырына басты деп те айта алмаймын. Өзге жердің аты – өзге жер. Жергілікті тұрғындар мен біз секілді кірмелердің арасында бөлектену бар. Оны ешкім бетіңе айтпағанымен, жұмыс барысында айқын сезінесің, – дейді Александр.

Осылайша олар алты жылды артқа тастап, 2008 жылдың шілдесінде өздерінің өсіп-өнген жері – Қазақстанға қайтадан қоныс аударды. Бүгінде Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлде түтін түтетіп отыр. Отағасы Бескөлдегі – “Левин”, ұлдары “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінде еңбек етсе, отанасы “Молсервис” серіктестігінде жұмыс істеп, напақаларын табуда.

– Елу жылда – ел жаңа. Қазақстанның бүгінгі дамуы Еуропадан еш кем емес. Ондағы жетістіктер, халық үшін жасалып жатқан жағдайдың бәрі өзімізде де бар. Бүгінде кез келген мекемеге бас сұқсаң, бәрі де “Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істеуде. Бұрынғыдай иін тірескен кезек жоқ. Қызметтің қай түрін алып қарасаң да, еуропалық стандарттар бойынша жүргізіледі. Мұндай жетістіктер әлемге үлкен держава деп танылған Ресейде де жоқ. Оған өзім көз жеткіздім. Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанға әлі де таңданысымыз басылар емес, – дейді Александр.

Әр мемлекеттің басты байлығы – сол жерді мекендеген халқы. Осыны өзіне басты ұстаным еткен Қазақстан ешкімді өгейсіткен жоқ, керісінше жүзден аса ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақ астына тоғыстырды. Олардың бәрі бір атаның балаларындай мамыражай күн кешуде. Еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық достықтың нық орнауы – Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Оған ешкім шүбә келтірмесі анық.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Апокиндер отбасы (екінші қатарда – ата-анасы, бірінші қатарда – екі ұлы).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp