Жуырда атақты жерлесіміз, Олимпиада чемпионы, Қазақстан велоспортының мақтанышы Александр Винокуров туған өлкесіне келген еді. Жұмыс сапарымен жүрген “Astana Pro Team” велокомандасының бас менеджерімен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Александр Николаевич, туған жерге жиі келіп тұрасыз ба?
– Иә, Қызылжар өңіріне ат басын жиі бұрамын. Туған жердің топырағы ыстық қой, өзіне тартады. Тамыз айында отбасыммен келіп, демалысымды өткіздім. Балаларыммен өңіріміздегі оң өзгерістерді тамашалап, Спорт сарайының жағдайымен таныстым. Бүгінгі таңда онда шайбалы хоккей, коньки, шорт-трек, шағын футбол, волейбол, күш жекпе-жегі, таэквондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім еркін айналыса алады. Велошабандоздарға лайықталған екі трек алаңы, тренажер бөлмесі, көркем гимнастика, акробатика залдары жұмыс істеп, күніне мыңнан астам адамды қабылдайды екен. Қызылжар өңірінде хоккей дәстүрі қайта жанданып, “Құлагер” командасы құрылғаны да зор жаңалық болды. Олардың Қазақстан чемпионатында қола жүлде алғаны қуантты.
– Спорт сарайының сіздің атыңызбен аталуы қандай сезімге бөледі?
– Отбасымда мақтаныш сезімі болды. Менің ойымша, бұл жастардың спортқа деген ынтасын арттырады. Көздері көрген спортшының атындағы сарайға қызығушылықпен келіп, кейін жаттығып жатса, өңірімізден әлі талай Олимпиада чемпиондары шығатынына сенімдімін. Біз спортқа келген кезде мұндай жағдай болмаған еді. Қазіргі жастарға жағдай да жасалған, мүмкіндік те зор.
– “Astana Pro Team” велокомандасының бас менеджері ретінде атқарып жүрген қызметіңізге де тоқталып өтсеңіз.
– “Astana Pro Team” велокомандасы әлемдік белді додаларда ел намысын қорғап жүр. Тұғырлы жеңістері арқылы Қазақстанның атын шығарып, өзгелердің біздің елге деген қызығушылығын арттыруда. Жас астанамыздың атын алып жүрген команда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын айтарлықтай жеңістермен қарсы алып отыр. Бүгінгі таңда әлемдік кәсіби велоспорттағы негізгі жетекші командалардың бірі атанған ұжымның қоржынында 250-ге жуық жеңіс бар, оның 8-і гранд-турлар – Джиро д Италия, Тур де Франс, Испания Вуэльтасындағы жеңістің нәтижесі. XXXI жазғы Олимпиада ойындарында 8-орыннан көріндік.
– Олимпиада чемпионы, кәсіби велоспорт командасының бас менеджері ретінде еліміздің спорт саласының дамуын бақылап отыратыныңыз анық. Көңіліңіз тола ма?
– Әрине, спорт саласында жүргендердің барлығы өзгерістерге зер салып, зерделеп отырады. Үстіміздегі жылы өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы тұңғыш рет 17 медаль еншіледі. Осыдан төрт жыл бұрынғы Олимпиадаға қарағанда алтынның саны аз болса да, өз әлеуетімізді таныттық деп ойлаймын. Осы жеткен жетістіктерге масаттанбай, алдымызға биік мақсаттар қоюымыз керек. Бүгінгі таңда елімізде спорт саласына зор көңіл бөлінуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де спортпен шұғылданып, жастарды саламатты өмір салтына шақырады. Өңірімізде де соңғы жылдары спорт нысандары көптеп салынып, балаларды жастайынан спортқа баулуға барлық жағдай жасалып жатқанынан хабардармын. Осы бағыттан таймауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.