Жерлесіміз, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров Францияның Ницца қаласында триатлоннан өткен “Ironman 70.3″ әлем біріншілігінде топ жарды.
Бұған дейін “Astana Pro Team” кәсіби велокомандасының бас менеджері елордада триатлоннан өткен “BI Group Ironman 70.3 Astanа” турнирінде топ жарған болатын. Бұл жеңіс Олимпиада чемпионына келесі жылғы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. Жарыс бағдарламасына сәйкес, 3434 триатлоншы 1,9 шақырымға жүзу, 90,1 шақырымдық веложарыс және 21,1 шақырымға жүгірді. Жарыс жолын 4 сағат 28 минут 47 секунд уақытта бағындырған солтүстікқазақстандық 45-49 жас тобындағы 507 әуесқойдың арасында чемпион атанды.
Жерлесіміз енді қазан айында Гавайи аралдарының Кайлуа-Кона қаласында супертриатлоннан жалауы желбірейтін “Ironman 140.6″ әлем біріншілігінде бақ сынайды.
Сурет https://prosports.kz сайтынан алынды.