“Астана” велокомандасының шабандозы Алексей Луценко Қазақстан құрамасы сапында Рио Олимпиадасына қатысады.
Ол Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында дүниеге келген. Жетінші сыныпқа дейін Большая Малышка орта мектебінде оқып, кейін облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа ауысты. Мектепті бітіріп, Көкшетау қаласындағы “Көкше” академиясына оқуға түсті.
2007 жылы еліміздің спорт шебері атағына ие болса, 2011 жылы халықаралық санаттағы спорт шебері атанды.
Спорт түрі: велоспорт
Атағы: халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Бойы: 175 см.
Салмағы: 70 кг.
Командалары: “Astana Continental Team”, “Pro Team Astana”.
Спорттық жетістіктері:
Республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.
2010 жыл: Шардж қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінің топтық жарысының жеңімпазы.
2012 жыл: Ел біріншілігінің күміс жүлдегері. Италия, Болгария және Доминикандағы халықаралық жарыстардың кезең жеңімпазы әрі жүлдегері. “Тур де л’Авенир” – 5-ші кезеңінің, “Болгария туры” – 1b кезеңінің, “Джиро Валлед’Аосты” – 5-ші кезеңінің жеңімпазы. Голландияда 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы 177,1 шақырымдық топтық жарыста әлем чемпионы атанды.
2014 жыл: “Алматы туры” халықаралық веложарысының жеңімпазы.
2015 жыл: “Швейцария туры” көпкүндігінде 8-ші кезеңде жеңіске жетті. “Алматы туры” жарысында екінші рет топ жарды.
2016 жыл: “Париж – Ницца” көпкүндігінде 5-ші кезеңнің үздігі.
Бүгінде Алексей Луценко ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылары Виктор Потапов пен Владимир Ремыганың қарамағында жаттығады.
(Өз тілшіміз).
