Қашқын әкелердің көмегінен қағылған балғындарға қолдау көрсету мақсатында сот орындаушылары “Балаларға қамқорлық!” акциясын ұйымдастырды.
Облыстық сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіріп алу жөніндегі бөлімнің бастамасымен ұйымдастырылған шараға “Улыбка” қайырымдылық қоры, сондай-ақ, жетім және ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері белсене атсалысты.
Алимент мәселесіне немқұрайды қарамайтын 200-ден астам адамның басын қосқан акцияны “Эмират” және “Фея” ойын-сауық орталықтарының би ұжымдары да қолдады. “Улыбка” қайырымдылық қоры мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне түрлі сыйлықтарды табыстаса, қала әкімдігінің және “Мир аттракционов” ЖШС-нің қолдауымен туған әкелерінен қайырымдылық көрмеген балғындарға 4 аттракционға арналған 40 билет берілетін болды.
Шара барысында сот орындаушылары қала тұрғындарына алиментті өндіріп алу мәселесіне қатысты кеңестер берді. Ал мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері өз балаларын естен шығарған әкелерді заң аясында жазалау шарасы көрсетілген парақшаларды таратты.
Туған баласынан сырт айналған қашқын әке бауыр еті – баласын бақытты балалығынан айырып, тіпті, тойып тамақ ішіп, бүтін киім киюге, мектепке қажетті құралдарды сатып алуға зар қылатындарын түсінулері қажет. Осындай азаматтардың жауапкершілігін оятып, жалғызбасты аналардың құқықтық сауатын арттыру – маңызды мәселе. Ұйымдастырылған шараның да ұстанған мақсаты осы.
Виктория КОВАЛЬ,
облыстық сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы.