«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЛА ҮЙІН ТОНАУДАН АРЛАНБАҒАН

Әлеуметтік желіде мешіттегі садақа жәші­гін ұрлаған жас жігіттің сорақы әрекеті әшкереленген бейнежазба қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Бұл жаға ұстатарлық жайт жақында Тайынша ауданындағы орталық мешітте орын алған. Әуелі күдікті күндіз келіп, жәшіктің қай жерде тұрғанын қарап кеткен. Күн батып, адам аяғы саябырсыған уақытта садақа жәшігін көтеріп алып кеткені анық көрінеді.

Бұл жайт құқық қорғау органдарында әдеттегі ұрлық фактісі ретінде ғана тіркелгені­мен, тайыншалықтарды мешітке сұғанақ қолдылардың осымен екінші мәрте түсуі, ұрының бостандықта жүруі назаландырып отыр.
24 наурыз күні Тайынша аудандық полиция бөліміне орталық мешіттің садақа жәшігі ұрланғаны жөнінде арыз түскен. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің нәтижесінде күдікті ретінде Көкшетау қаласының 1991 жылы туған тұрғыны ұсталған. Ол азаматтан мешіт­тен ұрланған металл жәшік және 197 518 теңге қаражат тәркіленген. Алайда, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Айыпталушы келтірген шығынның көлемін толық қайтарғандықтан, еркіндікке жіберіліпті.
Редакцияға хабарласқан Тайынша қаласының тұрғыны Дегенбай Мұхамедқалидың айтуынша, рухани құндылық құлдыраған сәтте ғана осындай бассыздықтар орын алады.
– Дүкендер мен сауда орындарын, басқа да мекемелерді тонаған жағдайларды естіп-көріп жүрміз. Оған таңғалмайтын болдық. Бірақ “Құдайдан қорықпағаннан қорық” де­мекші, аяқ-қолы балғадай жігіттің садақа жәшігіне қол салуы қазақы тәрбиемізге жат, – деп ашынған ақсақал ұрлық жасаған жігіт ауылдардың бірінде молла болыпты дегенді естігенін айтты.
Мұның анық-қанығын білмек ниетпен Тайынша аудандық мешітінің имамы Зиятбек Наржігітовке хабарласып едік, ол бұл сы­бысты жоққа шығарды. Айтуынша, жас жігіт аудан жұртшылығымен бірге намазға келіп жүрген жамағаттың қатарынан екен.
Он баланы тәрбиелеп өсірген Дегенбай ақсақалдың айтуынша, соңғы жылдары мешітке екі рет ұры түсіп, екеуінде де кінәлілер жазадан құтылыпты. “Кешірім жасаудың да жөні болады. Түсінгендер түзу жолға түседі, ал жетесіздер айламды асырдым деп арқаны кеңге салады. Егер осыған дейін жасалған ұрлықта кінәлі тиісті жазасын алғанда, кейінгілерге сабақ болар еді”, – деген ақсақал Алланың үйін тонаудан арланбағандар бұдан кейін де айылын жия қояды дегенге сенбейтінін жеткізді. 

Сурет http://ernur.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp