Көктем-жаз айлары басталысымен аллергия өрши түседі. Емханаға шағымданып келгендер арасында шөп және өсімдік тозаңының әсерінен созылмалы маусымдық аллергия ауруына тап болғандар жиі кездеседі. Ринит, бронх демікпесі және көз қарығуы диагнозы бойынша емдеу шаралары белсенді түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, соңғы уақытта поллиноз кеселінің де ушығуы жиі байқалуда.
Поллиноз – жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын аллергиялық ауру. Көптеген өзге аллергиялық аурулар сияқты бұл кеселге шалдығу фактілері де соңғы жылдары жиі тіркеле бастады. Бұған қоршаған ортаның ластануы себеп болса керек, сондықтан поллинозбен ауыратындардың көбінің қала тұрғындары болуы тегіннен-тегін емес. Осы сырқатқа шалдыққандарға новокаин, анальгин, аспирин, пенициллин дәрілерін беруге болмайтынын ескерткеніміз жөн. Өсімдік тозаңынан туындайтын ауруға шалдыққан адамдардың мұрны бітеліп, тамақ ішкен соң асқазаны ауырлап, жағымсыз сезімдерді бастан өткереді. Әсіресе, бал, халуа, шемішке, қауын және қарбыз дәнін жеген тұста адамның халі нашарлай бастайды. Поллиноз ауруы өсімдіктер гүлденген кезде белгі береді, әрі оған тұқымқуалаушылық тән. Тозаң мұрын, көз, бронх сияқты шырышты қабыққа түскен соң бірден аллергия пайда болады. Бұған тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқасты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті, естен танып қалуы да мүмкін.
Рустам ӘЖІБАЕВ,
облыстық аурухананың аллерголог-иммунологы.