Мен Петропавл қаласында туып-өстім. Қазақы қалпынан ажырамаған қарапайым отбасында тәрбиелендім. М.Жұмабаев атындағы лицейді бітіре салысымен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім.
Студенттік өмірдің ең тамаша кезеңдердің бірі екенін бірінші курс “балмұздақ” атанғанда түсіндім. Жатақхана тірлігі, жаңа достар мен таныстықтар, кездесулер мен қоштасулар, кітапханаға ағылып, сарылып сабақ оқу, өз бетіңше іздену ата-анасынан, туған жер, өскен ортасынан жырақтағы жастың жетілуіне, өн бойына өзгеше мінез бен қасиеттер қалыптастыруына көп көмегін тигізеді. Университет қабырғасынан түлеп ұшқандарына едәуір уақыт өтсе де, аға-апаларымыздың адам өмірін сәулелендірген бақытты уақыттың сағымға айналған бейнесін ұмыта алмауы, жүрекке жазылып қалған естеліктерін қуанышпен еске түсіруі студенттік дәуреннің қайталанбастығын дәлелдегендей.
Бүгінде 30 мыңға жуық студентті түрлі мамандықтар бойынша біліммен қамтамасыз етіп отырған ҚазҰУ еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.
Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттің өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда.
Университет аумағында 100 гектарға жуық жерді алып жатқан Қазақстанда теңдесі жоқ “ҚазҰУ қалашығы” оқу-ғылыми кешені, оқу ғимараттары мен зертханалар, жатақханалар, республикадағы бірден-бір Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, спорт кешені және стадион, тамақтану комбинаты, кинотеатр, Ыстықкөлде спорт-сауықтыру лaгepi орналасқан. Аталмыш ғимараттардың бәрі студенттердің сапалы білім алып, бос уақыттарын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын қалыптасыруда, ғылым жолында тыңғылықты түрен салуға жол ашу мақсатын көздейді.
Асқақ Алатаудың бауырында білім қуып жүрген қызылжарлық жастардың қатары қалың. Түрлі мамандықтың тізгінін ұстағандардың көбі болашақта туған өлкелерінде қызмет етуді армандайды. Бұл – менің де басты мақсаттарымның бірі.
Теміржан ҚОЖЕКЕНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің I курс студенті.
Алматы қаласы.