Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің атына хат жолдап, тәуелсіз Қазақстанның кино өнерінде өшпес із қалдырған дарынды кинорежиссер, журналист Аяған Шәжімбайдың есімін оңтүстік астананың бір көшесіне беру туралы ұсыныс білдірген болатын.
Соған орай кеше Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов қол қойған ресми жауап хат келді. Онда 42 жыл ғұмырында жұлдыздай жарқырап, өшпес із қалдыра ағып түскен жерлесіміздің есімі Алматы қаласының Алатау ауданындағы “Ақбұлақ” шағынауданындағы бір көшеге берілгендігі хабарланыпты. Ал Аяған Қуандықұлы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату мәселесі үстіміздегі жылы “Мәдениет туралы” Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң қаралатындығы айтылған.
Аяған Шәжімбай өзінің еңбек жолын облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде әдеби қызметкер болып бастаған еді.
(Өз тілшіміз).