«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛОЭНІҢ СЫРЫН БІЛГЕН АЙСАНА

Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицейдің 2-сынып оқушысы Айсана Жоламанова алоэден тері күтіміне арналған жеті түрлі өнім жасап шығарды.

Ол негізінен қолда бар өнімдерді қолданады. Мәселен, бетке арналған маска жасау үшін косметикалық саз, алоэ және лимон шырыны қажет. Қазір өнімдерінің ішінде үш түрлі маска, сабын, скраб және суға түсуге арналған қоспалар бар.

Есейгенде косметолог болуды армандайтын Айсана Жоламанова «Алоэ және оның емдік қасиеті» тақырыбындағы жобаны осы жылдың басында қолға алған. Ұстазы Светлана Исқақованың айтуынша, бұл жобамен республикалық «Зерде» зерттеушілер сайысының қалалық кезеңіне қатысып, 2 орын иеленіпті.

– Айсананың жасы әлі жетіде ғана болғасын ересектердің көмегі, бағыт-бағдары қажет. Өнімдерді жасамас бұрын сауалнама жүргіздік. Сол сауалнама нәтижесін саралай отырып, осы косметикалық өнімдер пайда болды. Сауалнамаға қатысқандар алоэ өсімдігінің пайдасы көп екенін білгенімен, іс жүзінде оны қолдана алмайтын болып шықты. Косметолог мамандармен де алоэнің пайдасы туралы, тері түрлері және оның ерекшеліктері жайлы ақыл-кеңес алды, – деді Светлана Исқақова.

Ұстаз бен оқушы осы жобаны одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Ендігі мақсаттары – өнімдерді апробациядан өткізіп, лицензия алу.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp