«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТАЙДАН ОРАЛДЫҚ

Анна ГВОЗДЕВА,

М.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы

филиалының студенті.

Жуырда біз, М.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы филиалының студенттері Астана мен Өскемен қалаларының арасындағы мың шақырымды жиырма төрт сағатта артқа тастап, Зырян ауданындағы Тұрғысын ауылына табан тіредік. Көздеген мақсатымыз – Тұрғысын ауылында фольклорлық тәжірибеміздің он екі күні барысында жергілікті христиан дінінің көне ғұрыптарын сақтаушы адамдар туралы ақпарат жинап, сараптама жасау.  

Екі жүз шақырымдық , қауіпті, таулы жолды басып өтіп, тек күн бата елді мекенге жеттік. Қашық жолдың студенттерге оңайға түспегені рас. Себебі, кеше ғана Астанада ХХІ ғасырдың жетістіктерін пайдаланып өскен студенттер бір тәулік өтер-өтпесте үйреншікті болып кеткен ғаламтор, ұялы телефон желісі, әлеуметтік желілері жоқ, ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында “қалып қойған” ауылдан бір-ақ шықты. Дегенмен мойымаған біз бар заттарымызды автобустан түсіріп болған соң ауыл мектебінің спорт залына жайғастық.

Сөйтіп, біз, болашақ филологтар, 17-ші ғасырда патша өкіметінен бас сауғалап, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында орын тепкен христиан дінінің көне ғұрыптарын сақтаушылардың өмірі мен тарихын зерттеуге кірістік. Тарихқа бір сәт үңілсек, бұл адамдардың ауылы тек 1781 жылы ресми түрде тіркеліп, елді мекенге жанында ағып жатқан Тұрғысын өзенінің аты берілген екен.  

Өкінішке қарай, фольклорлық тәжірибеміздің барысында бұл жерде ескі дәстүршілер мүлдем қалмағандығын анықтадық. Десек те олардың осы жерде тұрып жатқан ұрпақтарымен әңгімелесіп, барынша ақпарат жинаудың амалын жасадық. Құлағымыз естігенді қағазымызға түртіп алып отырдық. Күндердің күнінде бір әжей сарайында тұрған 18-ші ғасырдың тігін станогын бізге сыйға тартты. Бірақ салмағы тым ауыр тігін станогын Астанаға жеткізу мүмкін болмағандықтан, бас тартуымызға тура келді.

Осы орайда он екі күннің ішінде біз ағаш ойып, шыбық өріп, тоқушылармен араласып, олардың жұмыстарын көзбен көрдік. Бүгінде ұмыт бола жаздаған кәсіпті үйренуге де талпындық. Сондай-ақ жергілікті әжейлер хорымен кездестік. Ауылдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бұқтырма су қоймасында шомылып, жеміс-жидек тердік. Осы жерде өткен он екі күннің ішінде жергілікті тұрғындардың тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, мол мағлұмат жинап қайттық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp