«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ, АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ

Қартаң адамдарға ілтипат пен ізет көрсетсең – өзіңнің де көңілің өсіп, жаның жадырайды. Марқайып қаласың. Ел ішіндегі осындай асыл жандарды жастардың қадір тұтуы ғанибет емес пе?!

Біздің Новопокровка ауылымызда тұратын осындай сыйлы жан – Күлтай апамыз биыл сексен тоғыз жасқа келіп отыр. Апайдың өмір жолы қызық. Алайда, қызығынан шыжығы көп екенін онымен жақын тілдесіп, әңгімелеріне қаныққанда аңғарасың. Бір басынан өтпегені жоқ екен-ау!

Ол 1926 жылғы 1 наурызда Айыртау ауданының Егіндіағаш ауылында туыпты. Он жасқа толғанда анасы қайтыс болып, жетімдіктің ащы дәмін татады.

«Жығылған үстіне – жұдырық!» дегендей, он бір жасында тағдыр тағы бір ауыр «тарту» жасайды: әкесі Қожа Айтқұлов «халық жауы» деген жаламен сотталып кетеді.

Енді тұл жетім қыз бала таңның атысы, күннің батысы қара жұмысқа жегіледі. Жер жырту, егін себу, шөп шабу сияқты жұмыстарға ересектермен бірдей қатысып, бұғанасы бекімеген нәзік қыз бала бірде тоқ, бірде аш болып, қиын тұрмыстың зардабын әбден тартады.

Он тоғыз жасында, 1945 жылы қазіргі Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының азаматы Қази Айтмағамбетовке тұрмысқа шығып, шаңырақ құрады. Жұбайы Ұлы Отан соғысынан оралған. Бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталған.

Ол Тимирязев, Шал ақын аудандарында басшылық қызметтер атқарған, ел-жұртқа беделді адам екен. Тағдыр бұрынғылармен шектелмей, Күлтай апайды тағы бір қиын сынаққа душар етіпті. 1947 жылы Алма деген қызы шетінеп кеткен. 1982 жылы жұбайы өмірден озады.

– Өмір қаншама қиындық жасамады! Бірақ қайғының қара тасы қалай езсе де, еңсемді түсіріп көрмедім. Содан бері үлкен қарашаңырақтың түтінін түтетіп, жалғыз өзім өмір сүріп келемін, – дейді қайсар жан. – Ел қатарлы еңбек еттім. Оны міндетсіремеймін. Құдайға шүкір, Ұлы Жеңістің алпыс, алпыс бес жылдық мерекелері тойланғанда медальдармен марапатталдым. Соғыс жылдарындағы тылдағы жанқияр еңбегім ескерусіз қалмады.

Апайдың бір өмірлік қуанышы – жазықсыз, жаламен сотталып кеткен әкесінің ақталуы. Күлтай апай әкесі мен анасын еске алып, көрші-қолаңдарға, ағайын-туыстарға ас беріп, Құран оқытудан қалмайды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ризамын. Оның қарттарға қамқорлығының арқасында алтын заманда өмір сүріп отырғаныма қуаныштымын. Күні кеше болып өткен сайлауда халқымыздың көңілінен шығып, тағы да еліміздің Президенті атанғанын мақтан етемін. Ғұмыр жасы ұзақ болып, халқымыздың ризығына жасай беруіне бар жүрегіммен тілектеспін! – дейді Күлтай апай.

Шәйін ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.

Шал ақын ауданы,

Новопокровка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp