«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ КҮМІС

Осыдан дәл 40 жыл бұрын, яғни 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында 300 миллионға жуық жанкүйер көз тіккен тарихи финал өтті. Сол жекпе-жекте миллиондардың сүйіктісі, кеңес боксының сымбаттылық символына айналған Серік Қонақбаев шаршы алаңда италиялық Патрицио Оливамен қолғап түйістірген болатын.

Қазақстандық бокстың аңызға айналған тұлғасы – Серік Керімбекұлы 1959 жылдың 29 қазанында Павлодар қаласында дүние­ге келген. Жамбыл қаласында бокс май­тал­маны, әйгілі бапкер Юрий Цхайдің же­тек­шілігімен жаттыққан 16 жастағы бозбала КСРО-да өз салмағында ешкімді шақ кел­тірмеді. Бұл білікті бапкер үшін жас өреннің жұл­дызын жаққан, ал боксшы үшін бапкері­нің даңқын асырған кезең болатын. Балғын спортшыны Олимпиаданың шаршы алаңы күтіп тұр еді.

Шаршы рингте талай жеңіске жеткен ол 18 жасында Кеңес құрамасына алынды. 1979 жылы АҚШ-та әлем кубогының иегері атанып, Германияның Кёльн қаласында өт­кен Еуропа чемпионатында топ жарады. Сөй­­­тіп, бұл атаққа қол жеткізген алғашқы қа­зақстандық боксшы атанды. 63,5 кило­грамм салмақта өнер көрсеткен Серік Ке­рім­бекұлы финалда Италия боксының жұл­дызы – Патрицио Оливаны нокаутқа жібер­ген болатын. Бір жылдан соң қос қарсылас­ты Мәскеу Олимпиадасы қайта кездесті­реді.

Патрицио да майталман боксшы. Неа­поль қаласында дүниеге келген саңлақ Ита­лия құрамасының сапында Олимпиада чем­пионы, Еуропаның күміс жүлдегері және көп­теген халықаралық жарыстардың же­ңім­пазы болған. Екі елдің бокс жұлдызда­рын алда Мәскеу Олимпиадасының фина­лы күтіп тұр еді. Бұл әлемдегі екі жүйенің “қыр­ғиқабақ” соғысының ширыққан кезеңі еді. 50 капиталистік ел Мәскеу Олимпиада­сына байкот жариялады. Еуропа чемпио­на­тында алтыннан айырылған италиялық бок­сшы төртжылдықтың басты додасына кел­мей қала алмады.

Бокс кездесулері 20 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасы­на сәйкес 51 елден келген 217 боксшы 11 салмақта сынға түсті. КСРО былғары қолғап шеберлері құрамасының капитаны Серік Қонақбаев 63,5 килограмм салмақта өнер көрсетеді. Ол финалға дейін румы­ниялық Симион Чутовпен, мажарстандық Имре Бак­шкаймен, пуэрториколық Хосе Ангел Молинамен, кубалық Хосе Агуйлар­мен қол­ғап түйістіреді. Отандасымыз бір кездесуді уақытынан бұрын аяқтаса, қал­ғандарында айқын басымдықпен жеңіске жетеді. Ақтық айқастағы қарсыласы – Пат­рицио Олива. Бұл жекпе-жекте кеңес жан­күйерінің отан­дасымызға тілектес бол­ғаны белгілі. Соны­мен қатар спорт сала­сының өкілдері қазақ­стандықты жарыстағы тех­никасы ең мықты спортшы деп есептеді. Сондықтан оның же­ңімпаз атанып, алтын­нан алқа тағатыны­на еш­кімнің күмәні бол­ма­ды. Десе де, төреші­лер 1:5 есебімен же­ңісті италиялық бокс­шы­ға береді. Ал алты бірдей Олимпиада чем­пионын баптаған, ХХ ғасырда әлем бок­сын мойындатқан май­талман поляк жат­тық­тырушысы Феликс Штамм Серік Қонақ­баевтың шаршы алаң­дағы өнеріне қарап: “Мына баладан бокс ге­нийі шығады”, – деп өзінің жоғары бағасын берген екен.

Патрицио кәспқой боксқа ауысып, онда да белгілі бір жетістіктерге жетті. “WBA” тұ­жырымдамасында әлем чемпионы атан­ды. Ал Серік Қонақбаев болса, кеткен есе­сін келесі Олимпиадада қайтару мақсатын­да дайындығын жалғастыра береді. Өкініш­ке қарай, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласын­да өткен ХІІІ жазғы Олимпиада ойындары­на бұл жолы кеңес одағы байкот жарияла­ды. Осылайша, отандасымыз саяси себеп­терге байланысты төрт жылда бір рет өте­тін сайыстан тыс қалды. Әйтпегенде, Серік Қо­нақбаевтың Мәскеу төріндегі күмісін ал­тынға айырбастайтындай әлеуеті бар еді.

Серік Керімбекұлының спорттық жолы же­ңіске толы болды. Боксшы 1981 жылы бокс тарихында Әлем кубогы мен Еуропа чемпионатында екі салмақ дәрежесінде же­ңіске жеткен алғашқы спортшы атанды. Бұл жа­рыстар Канаданың Монреаль және Фин­ляндияның Тампере қалаларында өткен болатын. Қос сайыста барлық қарсыласта­рын жеңген Серік ешқандай салмақ дә­ре­жесіне қарамай “Әлемнің ең үздік боксшы­сы” деп танылды. Сондай-ақ, ол екі мәрте Я.По­лус атындағы “Алтын белбеу” жүлдесі­нің, үш жыл қатарынан өткен КСРО-АҚШ құ­рама командалары арасындағы ойындар­да 6 рет жеңімпаз атанған. Құрама сапында АҚШ-қа барған сапарларының бірінде Се­рік Қонақбаевқа сол кездегі әлемнің үздік кә­сіпқой боксшысы – атышулы Рэй Шугар Лео­нардқа қарсы жекпе-жекке шығу ұсынысы жасалады. Кездесудің жүлде қоры – 1 мил­лион доллар және әр боксшыға “Mersedes” автокөлігі берілуі тиіс еді. Дегенмен, КСРО отандасымызға бұл кездесуді өткізуге тыйым салды.

Серік Қонақбаев әуесқой бокстағы ман­сабын бар болғаны 25 жасында аяқтады. Қолғабын шегеге ілген КСРО-ның еңбек сі­ңірген спорт шебері рингте барлығы 300 жек­пе-жек өткізсе, оның тек алтауында ға­на жеңіліс тапқан. Дегенмен, оның Мәскеу Олимпиадасындағы күміс жүлдесін қазақ­стан­дық жанкүйерлер алтын медальдан жоғары қояры сөзсіз.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp