
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйытқы болуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Абылай хан резиденциясында “Ұлттық музей сенің қалаңда” атты мәдени шара өтті.
Мәдени саяхат осы уақытқа дейін Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Павлодар, Семей, Өскемен, Көкшетау қалаларында ұйымдастырылған еді. Зерделі тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға бағытталған жобаға қызығушылық танытқандар көп болды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты. “Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады”, – деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бұл шара оқушыларды өз тарихын жетік біліп, білімді болуға шақырады, – деді Анархан Қалиқызы.
Аталмыш іргелі жоба еліміздің барлық аймағын қамтымақ. Мәдени саяхаттың бір маңызды тұсы – Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған “Алтын адам” жәдігері барлық облыстар мен қалаларды аралайды.
Еліміздің ұлттық музейі – өткен тарихымызды байыптайтын, рухани мұрамызды зерделейтін және бүгінгі дамуымызды бағамдайтын аса ірі мәдени орталық. Отанымыздың бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау мақсатында олар ең құнды жәдігерлерді жұрт назарына ұсынып отыр. Енді тек музей төрінде ғана тұратын бағалы мұра – “Алтын адамды” өзге өңір тұрғындары да тамашалай алады.
Еліміздің батыс өңірінен бастау алған іс-шара барысында көрермен қауым назарына “Ұлттық музейге саяхат” және 3D графикалық бейнероликтері ұсынылды.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.