
“Алтын Арман” базарындағы “Алтын-Адал” ЖШС-нің жабық ғимаратына заман талабына сай жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, көктемнің алғашқы мерекесін атап өтіп жатқан шақта пайдалануға берілді. Қызылжарлықтардың таңдауын еселей түскен сауда орталығының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, атқарылған істерге жоғары баға берді.
Жабық базардың басшысы Еділ Жалимовтың айтуына қарағанда, аталмыш ғимараттың сауда алаңы жаңғыртуға дейін 6 мың шаршы метрді, шамамен 350-дей сауда орнын құрайтын. Өткен жылдан бері онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабық базарға екінші қабат жасалды, эскалаторлар орнатылды. Соның нәтижесінде сауда алаңы – екі есе, ал сауда орындары 579-ға ұлғайды. Екінші қабатта алдағы уақытта балаларға арналған ойын алаңы да жабдықталмақ. Ондағы бутиктерді жалға алатын кәсіпкерлер енді қақаған аязда, жауын-шашында далада тұрып, сауда жасамайтын болады. Бұрынғы жазғы сауда “күркелері” тұратын алаң енді 70 жеңіл көлік сыятын автотұраққа айналмақ. Күрделі жөндеу жұмыстарына, бутиктерді жабдықтауға 700 млн. теңгедей қаржы жұмсалған.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылы тамыз айында атқарушы органдарға ұйымдаспаған ашық базарларды жауып, жақсы жабылған, біріккен сауда орталықтарын салу туралы тапсырма берген болатын. Ол міндет біздің облысымызда нәтижелі жүзеге асырыла бастады. Солардың алғашқысы – осы базар. Бұрыннан бері бірқабатты жабық ғимаратта ғана жұмыс істеп келе жатқан, жалгерлерінің біршама бөлігі далада тұратын базар күрделі жөндеуден кейін заманауи сауда орталығына айналып отыр. Алдағы уақытта осындай 10 нысанды қайта жабдықтаудан өткізуді жоспарлап отырмыз. Заманауи сауда орталықтары осы базардағыдай жалгерлерге де, тұтынушыларға да қолайлы әрі тиімді болуға, заманауи материалдармен, құрал-саймандармен жабдықталуға тиіс, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Ерік Хамзаұлы салтанатты рәсімнен кейін жаңғыртылған базардың сауда орындарын аралап, күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.